Жақында ресейлік саясаткер Владимир Жириновский сұхбат беріп, Масанчи көшесіне (Алматы – ред.) өз атын бергенін армандайтынын, сол көшедегі №79 үйде өмір бойы тұрғанын айтқан еді. Жириновскийдің бұл арманын «Намыс» жастар-қоғамдық бірлестігінің белсенділері «орындап», бұған дейін Қазақстанға, соның ішінде қазақ ұлтына қарата айтқан мәлімдемелеріне ұтымды жауап берді, деп жазады Аzattyq-ruhy.kz.
«Намыс» белсенділері Жириновскийдің атына көше де емес, нысан да емес, қоқыс жәшігінің атын берді.
«Саясаткер бола тұра, бір мемлекеттің атынан сөйлейтіндей дәрежедегі адамның Қазақстан сияқты тәуелсіз елге қаратып айтқан дүниелері – сұмдық. Жастар атынан біз үндемей қала алмадық. Адам неге лайықты болса, соған сай дүниесін жасап беріп отырмыз. Неге оны жауапқа тартпайды? Неге біздің ұлттың, мемлекеттің алдында кешірім сұратпайды? Біз соны талап етеміз», - дейді бірлестік белсендісі Азамат Ғалымжанұлы.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Владимир Жириновский 1946 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Масанчи көшесіндегі №79 үйде тұрып, 1964 жылдың 3 маусымында Қазақстаннан көшіп кеткен.