2 қараша күні таңғы сағат 07:00-де Оңтүстік Кореяның Кёнсандо қаласында Қазақстан азаматы Арын Бейбарыс жол апатынан қаза тапты. Марқұм – Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны. Ол Кореяға нәпақа табу үшін жұмыс істеуге келген. Енді марқұмның туыстары қапыда көз жұмған жігіттің денесін елге жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды Аzattyq-ruhy.kz.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Менің аты-жөнім Ақнұр Арын, Арыс қаласы тұрғынымын. Ағамның денесін елімізге жеткізу қиын болғандықтан, Сізден көмек сұрауға мәжбүрмін. Оның денесін 17 қараша күнгі жүк тасымалдаушы ұшақпен әкелмекші. Айтыңызшы, қай қазақ қайтқан адамды 15 күн ұстайды?! Жан дегендегі жалғыз ағам еді, анам екінші дәрежелі мүгедек. 2017 жылы жүрегіне ота жасатты. Анамның жағдайы қиын болып отыр. Әкемнің қайтқанына 9 жыл болды. Отбасымда менен кейін соңымнан ерген інім мен сіңлім бар. Олар әлі кішкентай, мектепте оқиды. Анама әлі естірткен жоқпыз, оның жағдайы өте қиын. Енді мен анамнан да айырылып қалғым келмейді. 10 қараша күні Инчхон қаласынан Алматыға шығатын жүк тасымалдайтын ұшақ бар. Сол ұшақпен ағамның денесін жеткізуге көмек берсеңіз деп өтінемін», - дейді марқұмның қарындасы.
Ақнұрдың айтуынша, ұлының қазасы туралы қаралы хабарды анасына әлі естіртпеген.