Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Қазақстанның Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі ҚХА Кеңесі отырысындағы «Біреудің Қазақстаннан басқа елге көшкенін естіген сәттерде мені уайым басады. Көшудің қажеті қанша?» деген сөзіне қатысты өз ойын білдірген. Заңгер өз жазбасында жастардың жаппай елден кеуіне себеп болып отырған бірқатар жайтқа тоқталған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айгүл Орынбектің айтуынша, жастардың жаппац елден қашуына жемқорлыққа батқан жүйе кінәлі!
«Құрметті Елбасы!
«Жастар елден не үшін кетіп жатыр?» деп сұрақ қойыпсыз, мен жауап берейін, қасыңыздағы шабармандарыңыз сізге айтпаған шығар!
Шенеуніктер ақпаратты өз пайдасына жеткізетініне көзім жетті!
Сол себепті сізге ашық айтайын!
Жастардың елден қашуына жемқорлыққа батқан жүйе кінәлі!
Бізде суы, жарығы, газы жоқ елдер бар екенін білесіз бе?
Білмесеңіз келіңіз Оңтүстікке, қолыңыздан жетектеп жүріп көрсетейін!
Мемлекеттен қаражат жеткілікті бөлінген, бірақ оны әкімнің туысқаны, депутаттың інісі тендер арқылы жеңіп алып, жасамай кеткен! Бұл мен айтып отырған бір ақ мысал!
Ауылдарда мәдениет үйі, кітапхана, спорт зал дегендер мүлдем жоқ!
Осыдан кейін жастар қашпағанда, кім қашады?
Цифрлық , техникалық тұрғыда әлем дамып жатқанда, қаланың өзінде интернет ұстамай тұрған елде кім тұрғысы келеді?
Халыққа соғылған үйлерді сапасыз қылып, оны екі есе қымбат бағада сатып жатқан елде кім тұрғысы келеді?
Айлығы, банкке төлейтін ипотекасына жетпейтін елде кім тұрғысы келеді?
Мұнайы өзінен шығып, бензині үш есе қымбат сатылатын елде кім тұрғысы келеді?
Жастары зейнетке келген ұйықтап отыратын Депутаттары бар елде кім тұрғысы келеді?
Қалталарын толтырып, өзінен кейін жастарға жұмыс істеткісі келмейтін әкім ағашкалар тұрғанда жастар елден кетпегенде, не істейді?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Оқи отырыңыз: Назарбаев жастарды елден кетпеуге шақырды
Айгүл Орынбектің жазуынша, шетел асып жатқандардың көбі - білімділер.
«Айтарым да, жазарым да өте көп, егер шынында құлақ түрсеңіз!
Кетіп жатқан кілең білімді жас азаматтар!
Азаматтық қоғамы құрылмаған елден, әкімдердің былығын ашық айтып қудаланған елде, болашақта ешкім қалмайды!
Жастар елде қалсын десеңіз ауыл аймақтағы жергілікті басқару жүйесін өзгерту керек!
Ашық айтқаным үшін кешірім сұраймын, бізде әкімдер осылай шындықты айтқан халықты, полиция арқылы қорқытып кешірім сұратады.
Ол жайлы да айтып қояйын алдын ала!», - деп атап өткен жазба авторы.