$ 449.58  486.94  4.86

Ереванда халық премьер-министр Пашинянның отставкасын талап етіп жатыр

Халықты наразылыққа шығуға 17 саяси партия шақырған.
Фото: ria.ru
Фото: ria.ru

11 қарашада Армения астанасы Ереванда билік тыйымына қарамастан оппозиция митинг өткізіп, премьер-министр Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етті, деп жазады Азаттық радиосы

Азаттықтың Армян қызметі оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты. Халықты наразылыққа шығуға 17 саяси партия шақырған.

Сәрсенбі күні полиция таң атпастан митинг өтеді делінген қала орталығындағы Азаттық алаңын қоршап, белсенділерді ұстай бастаған. Олар елдегі әскери жағдайды алға тартып, қоғамдық шараларға тыйым салынғанын айтқан.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) өкілдері оппозициялық "Гүлденген Армения" партиясының жетекшісі Гагик Царукян және Республика партиясы парламенттік фракциясының бұрынғы жетекшісі Ваграм Багдасарянды ұстаған.

Алайда ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы, оппозициялық "Родина" партиясының жетекшісі Артур Ванецян полиция бөгетін бұзып, мінберге көтерілгеннен кейін шара басталған. Бұдан соң жиналғандар парламент ғимаратына қарай жүрген. Наразылық түнде де жалғасқан. Митингіге қатысушылар парламенттің кезектен тыс отырысы өтуі тиіс деп санайды.

10 қарашада Әзербайжан мен Армения Ресейдің араласуымен әскери қимылды тоқтату туралы келісімге қол қойғаннан кейін Ереванда наразылар үкімет пен парламент ғимаратына басып кірген еді. Армян оппозициясы 1994 жылдан бері армян әскерінің бақылауында болған Таулы Қарабақтағы аумақтың басым бөлігін әзербайжан жағы өзіне қайтарғаннан кейін премьер-министрдің отставкасын талап ете бастаған.

Ал Пашинян бейбіт келісім - нақты жағдайда қалыптасқан күрделі ахуалдан шығудың оңтайлы жолы, оған қол қойылмаса да, әзербайжан әскері мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының барлық аумағын бақылауға алар еді деп есептейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары