Ақтөбе және Атырау облысының экс-әкімі, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Мусин "Ақтөбе" Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-мен соттасып жатыр. Себебі ол қайтыс болған ұлының бизнесіндегі үлесі компанияға берілгенін білген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы "Диапазон" басылымы жазады. Басылым мәліметінше, Мусин "Ақтөбе" ӘКК және туысына қатысты сотқа шағымданған. Азаматтық істі Ақтөбедегі сот қарастырып жатыр.
Аслан Мусиннің ұлы Асылбек Мусин 2017 жылы Ригада 38 жасында қайтыс болды. Латвия полициясының мәліметінше, ол 23 желтоқсанға қараған түні 15-қабаттан құлаған. Оның өліміне қатысты қылмыстық іс ашылды, бірақ кейін "қылмыс құрамының болмауына байланысты" іс жабылды.
Асылбек Мусиннің Ақтөбедегі Қарғалы ауылында ауданы 567 шаршы метр болатын жазғы асханасы, гаражы, бильярд залы бар екі қабатты үйі қалды.
2020 жылғы тамызда экс-әкім ұлының қағаздарының арасынан құрылтайшы құжаттарын табады. Ол жерде Асылбек Мусин "Алико", "А-Полиграфия", "МК-Бизнес", "Портал-Б", "Мередиан-С" ЖШС-ның құрылтайшысы және олардың әрқайсында жарғы капиталы барын анықтайды.
Басылымның мәліметінше, құжаттарға қарағанда 2013 жылғы 11 қарашада Асылбек Мусин туысы Әнуарбек Мусинге сенімхат берген. Ал ол сол күні "А-Полиграфия", "Меридиан-С", "Актобе" ӘКК" компанияларында жарғы капиталын үлестірген. Сенімхат алған ол басқа компаниялардағы үлесін берген.
Аслан Мусин ұлының компаниялардағы үлесін "Ақтөбе" ӘКК" АҚ-ға заңсыз берілген деп есептейді. Сенімхат бизнестегі үлесін беруге құқық бермейді. Оның үстіне Асылбек Мусин ол кезде елде болған жоқ және сенімхат бере алмайтын еді.
"Әкесі сенімхат пен келісімдерді жарамсыз деп тануды талап етіп жатыр", - деп жазды басылым.