Теріс діни ағымның әсерінен қате ұғым сіңіріп, намаз оқымайтындардың қолынан сойылған малдың етін харам деп жемейтін, өздерінен басқаны кәпір деп айыптайтын, тіпті, ата-анасымен қатар отырып ас ішпей, соқыр сенімнің жетегінде кеткен адасушылардың елімізде бар екені өте өкінішті. Әрине, өкінішпен отыра беруге болмайды. Амалын тауып, әрекет жасағанда ғана оң нәтиже шығады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Осы тұрғыдан келгенде мемлекет көпшілікке дұрыс бағыт сілтеуді нықтап қолға алған. Түрлі шара, көптеген әрекеттер жасалып жатыр. Мәселен, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы қыруар жұмыстар атқарып жатыр. Қайдан қандай ақпарат алуды, кімнің насихатын тыңдап, кімдерден сақтануды түрлі формада жүргізуде. Халық шынайы ислам мен исламның атын жамылып, теріс бағытқа әкететін деструктивті топтарды ажырата алуға тиіс. Айталық, аталмыш басқарманың инстаграмдағы «Din_Almaty» ресми парақшасында көптеген тақырып қамтылады. Негізінен адасушылықтың алдын алу, деструктивті топтардан сақтанудың тетіктері, теріс ағымды қалай ажырату керек деген ақпараттар айтылады.
Атап айтқанда, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, теолог-ғалым Нұржан Стамбакиев инстаграмда тікелей эфирге шығып, сұхбат беріп, көпшілікке осы теріс діни такфиршілердің шығу тарихын, бүгінгі қоғамдағы ұстанымын, оларды қалай білуге болатынын ашып, тарқатып берді. Теолог-ғалымның айтуынша, такфир дегеніміз – күпірлікпен айыптау, яғни, мұсылмандардың белгілі бір амал, іс-әрекеттеріне, кейбір сенімдеріне қарап, сен кәпірсің деп айыптаушылар деген мағына береді екен.
Такфиршілердің тарихы ерте ғасырлардан басталған. Сахабалардың дәуірінде, Әзіреті Али тұсында араб елдерінде де дін мен саясатқа байланысты түсінісбеушіліктер болған. Әзірет Алидің кейбір саяси шешімдерін сынға алып, кәпірсің деп айыптаған такфир жамағаттары алғаш сол кезде пайда бола бастапты. Оларды тарихтан харижидтер деп танимыз. Мәселен, Әзірет Али екі жақтан келіспеушіліктер туғанда белгілі бір адамды төреші етіп, сол төрешінің шешіміне жүгінейік деген ұсыныс жасайды. Сонда харижидтік топтар Әзіреті Алиге сен адамды төреші етіп қойдың, Құранда шешімді, үкімді тек қана Алла ғана жасайды деп айтқан, сен Құранға қарсы келдің, мұсылмандықтан шықтың, кәпірсің деп айыптаған екен.
Әрине, бұл дінді шала, үстірт түсінуден туындаған әрекет. Сол кездегі ғұламалар Құрандағы айтылған аятты тарқатып, харижидтіктерге түсіндіреді. Ақыл-санасы ауытқымаған, түсінігі жеткендер тәубесіне келіп, дұрыс бағытқа қосылған екен. Ал қысқа түсініктегілер сол қате ұғыммен қалып қойған. Сан ғасыр өткеннен кейін қате түсінкті желеу етіп, теріс діни ағымдағы топтар сол ұстаным негізінде көпшілікті адастырып жатыр. Бұл дегеніңіз шектен шығушылық, аят-сүрелерді бұрмалаушылық дейді, теолог. Біз бұл жерден кері бұрмалаушылық ерте заманнан болғандығын аңғарамыз. Мұндай бұрмалаушылық әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде діни сауаты төмен адамдар, әсіресе, жастар аят-сүрелерді өз мүдделеріне пайдаланып, өздерінше дәлел келтіретін теріс діни ағымдардың арбауына ілесіп кетуде. Әрине, бұл дінді білмеуден, аят-сүрелердің астарына дұрыс үңілмеуден туындаған қателік.
Сондықтан дінге жаңа келушілерге жіті қарап, зерттеп, зерделеп барып шешім қабылдауын ескерткіміз келеді. Ескерте отырып, бүгінде такфиршілерді қалай ажыратуға болады деген сұраққа теолог-ғалым Нұржан Стамбакиевтің сөзімен жауап берейік: «Олар зайырлылыққа байланысты принциптерді мойындамайды, оны күпірлік деп есептейді. Біздің билік жүйесін тағут жүйесі, шайтанның жолы деген сияқты түрлі өздерінің айыптауларымен айтады. Міне, осылай мемлекеттің заңын мойындамауымыз керек, заңмен жүруге тиіс емеспіз, бәріміз Алланың шешіміне мойынсынуымыз керек дейтіндерді кездестірсеңіз, бұл такфиршілердің белгілері. Олар осылай үгіттейді. Сосын олар үшін намаз өте өзекті. Шын мәнінде намаз – исламдағы бес парыздың бірі.
Дәстүрлі исламда да намазды парыз деп білеміз, намазға немқұрайды қарауға болмайды, әрине. Дегенмен намаз амал-әрекетке жатады, яғни, дін сенім мен амал-әрекеттен тұрады. Сенімі толық болған адам мұсылман болады. Сенімі толық мұсылман амал-әрекет жасаса сауап алады, яғни, намаз оқыса ол адам сауап алады. Ал егер мұсылман адам намаз оқымай, ораза ұстамаса, шариғи тұрғыдан алғанда күнә жазылады деп есепетеледі. Ол адам Алла алдында жеке жауапқа тартылатын амал деуге болады. Демек, намаз, ораза, жалпы амалдар әр адамның Алла алдындағы жеке жауапкершілігі. Амал-әрекет жасалмаса, ол адам діннен шығады деген ұғым жоқ, дәстүрлі исламда. Ал тәкфиршілер адамның амал-әрекетіне қарап, күпірлікпен айыптайды. Олар мұсылман адам деп тек бес уақыт намаз оқыған адамды ғана санайды. Ал егер намаз оқымаса, мейлі ол ата-анасы, мейлі ағайын-туысы, бауыры, жақыны, досы болса да кәпір деп есептейді және олардың тағы бір белгілері ойша өз сенімдерінде кәпір деп қана есептеп қоймайды, кәпірлерге қарсы амал-әрекет жасау керек деген ұғымға үгіттейді.
Кәпір деп есептеген адамдармен кәпірге лайықты мәміле жасасамыз дейді. Бұл не мағына? Мысалы үшін намаз оқымайтын адамның сәлемін алуға болмайды, ассалаумағалейкум десе, оған уағалейкумассалам деп жауап беруге лайықсыз дейтіндер бар немесе намаз оқымайтын адам биссмилласын айтып, малды бауыздаған болса да, олар кәпір адамның сойған малдың етін жеуге болмайды, харам деп есептейді. Күпірлікпен айыптау дегеніміз осы. Мұндай соқыр сенміге шырмалғандар шалғай ауылдарда бар, өкінішке қарай. Намаз оқымайтын ата-анасымен бірге ас ішпейді, әкесі сойған малдың етін харам деп жемейді.
Сонымен қатар, такфиршілердің иедологиясына уланған қыздардың да белгілерін анықтауға болады. Мысалыға қазақы дәстүрде, классикалық исламда бірінші кезекте ата-ананың разылығын алу керек. Ал такфиршілердің уағызына уланған қыздарға сырттан сөз салса, өздерінің ата-анасы намаз оқымаса, олар кәпір, ал кәпір адамның разылығын алу талап етілмейді деп өздерінің ойынша, өз бетімен ата-анасының алдынан өтпей, тұрмысқа шығып кете баратын жайттар біздің қоғамда кездеседі.
Міне, такфиршілер қоғамға осындай түсінісбеушілік тудырып жатқан идеологияны сіңірушілер. Ал енді олардың шектен шығып, радикалды деңгейіне дейін жеткендер кәпір адамның қаны мен жаны, мал-дүниесі адал деп санайды, Құдай сақтасын. Мысалы үшін олар кәпір деп есептеген адамды алдап кетуге болады, базарда тұрса, ақысын жеуге болады, оларға әділ, адал әрекет жасау лайықсыз деп өз-өздерін ақтайды. Ондай жағдайлар болды, біздің елімізде. Дүкенге ұрлыққа түскенін білеміз. Неге дегенде, олар кәпір, оларды тонауға, дүниесін ұрлауға болады деп есептейді. Бұл діни, шариғи тұрғыда дұрыс емес».
Ал енді мұсылман болу дегеніміз – Алланың бар екеніне шын жүрегімен сеніп, кәлима шаһадат айту. Біздің дәстүрлі бағытымыз бойынша осылай. Әбу Ханифа: «Иман дегеніміз – жүрекпен сену және тілмен айтып бекіту» деген болатын. Ал амал адам иманының шарты болып есептелмейді. Амалды ғалымдар иманның кәмілділігі, толық болуы деп айтқан. Бұл дегеніңіз егер адам өзін мұсылманмын деп кәлима-шаһадатты айтып, бірақ намаз оқымай, ораза ұстамай, зекет бермесе, қажыға бармаса, ол кәпір болып кетпейді. Ол мұсылман болғанмен, шариғи тұрғыда күнә жазылады. Амал-әрекет жасалмаса, діннен шықпайды, күнә жүктейді.
Қорыта айтқанда, күпірлікпен айыптау – мұсылмандар арасына сына қағып, қоғамды бөліп, бірлігіне нұқсан келтіретін идеология. Қазақша айтқанда үй ішінен үй тігу. Сондықтан мұндай қатерлі идеологиялардан сақ болуымыз керек.
Еділ АНЫҚБАЙ