Кеше ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалған Майя Бекбаева деген журналистің «Қазақстанда тұратын дүнген, ұйғыр секілді кейбір ұлттар қазақ болып жазылғысы келеді» деген мәлімдемесі әлеуметтік желі бетінде қызу талқыланып жатыр. Пікір білдірушілердің бір тобы Бекбаева ханымның бұл сөзін жақсылықтың нышаны деп қабылдаса, екінші бір тобы «қазақты жоюдың кезекті жоспары» деп шоршып түскен. Олардың айтуынша, өзге ұлттарды қазақ деп жаздырудың астарында үлкен саясат жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айтпақшы, бұл мәселеге қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да өзінің пікірін білдірген. Мұхтар мырзаның ойынша, Ассамблея өкілінің мұндай оқыс мәлімдемесіне күдікпен қараған жөн. Өйткені, бұл ұйым бұған дейін қазақ ұлтына пайдалы ұсыныс жасап көрмеген.
«Достар, мен әрі ойлап, бері ойлап, адамдардың пікірлерін тыңдап, Ассамблеяның ұлтты таңдау жөнінде бұндай қорытынға келдім.
1. Ұлт дегеніміз ойыншық-таңдау емес, ол туғаннан қанмен келетін дүние. Ұлтты азаматтығымен шатастыруға болмайды. Адамның азаматтығын айырбасуға құқығы және мүмкіндігі әлбетте бар болуы жөн. Ал ұлтты адам өзі таңдай алмайды, ол туғаннан берілетін зат. Ұлтты адамның өз таңдауымен өзгерту - ешбір елде жоқ нәрсе.
2. Екіншіден, қазақ ұлтын таңдауға жол ашатын болсақ, ертең қытайлар болсын, басқалар болсын келіп «мен де қазақпын» деп шыға келсе, бұл жер менікі деп айтса не істейміз? Құжат бойынша ол да қазақ болады ғой!
3. Ертең елде санақ науқаны басталады, сонда Қазақстанда қазақтардың, басқалардың саны қанша қайдан білеміз? Қазақ ұлты өз біртектілігін жоғалтса - Ұлттық мемлекетті қалай құратын боламыз?», - деп өзінің күмәнді ойларын білдірген.
Сонымен қатар ол Ассамблея өкілінің мұндай оқыс мәлімдемесіне күдікпен қараған жөн екенін ескерткен. Өйткені, бұл ұйым бұған дейін қазақ ұлтына пайдалы ұсыныс жасап көрмеген.
«Негізі, осы Ассамблеяның ұсыныстарына біз күдікпен қарауымыз жөн. Бұл ұйымның қазақ ұлтына пайдалы, тиімді бір ұсынысын өмірде көрген емеспін. Естеріңізде болса 2009 жылы «казахстанская нация», одан кейін «үш тұғырлы тіл» деген идеяларынан бастап - барлығы қазақ ұлты үшін өз зиянын көрсетті.
Бұл жолы да «өз ұлтын адам өзі таңдасын» деген Ассамблеяның ұсынысына біз түбегейлі қарсы болуымыз қажет! Ал негізі Ассамблея таратылу керек, мүлдем пайдасыз ұйым», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.