$ 494.87  520.65  4.91

«Популизмді қояйық...»: Максим Рожин қазақ «болғысы» келетін әріптесінің аузына құм құйды

Ұлтты төлқұжатта өзгертсек, не өзгереді? Нақты тізіп берсеңіздер. Популизмді ысырып тастап, елге пайдалы ұсыныс жасайық.
Фото: Dalanews.kz.
Фото: Dalanews.kz.

Қазақстанда тұратын дүнген, ұйғыр секілді кейбір ұлттарды «қазақ қылып жаздырғысы» келетін Майя Бекбаева есімді журналистің мәлімдемесі әлеуметтік желі бетінде әлі де қызу талқыланып жатыр. Пікір білдірушілердің бір тобы өзге ұлттарды қазақ деп жаздырудың астарында үлкен саясат жатыр деген ойларын білдірген. Ал біразы биліктің ешқашан орындалмайтын көп уәделерінің бірі деп санайтындарын айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бір қызығы, кеше ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалған Майя ханымның бұл ұсынысына өзінің әріптестері де қарсылықтарын білдірген. Белгілі журналист әрі қоғам белсендісі Максим Рожиннің айтуынша, Ассамблея өкілінің бұл мәлімдемесі арзан пиар, популизм ғана.

«Қандай ұсыныс болсын, оның орынды не орынсыз екенін көрсететін бір ғана сипаттама бар. Ол ұсыныстан не өзгереді? Қарапайым тілмен айтқанда, ол ұсыныстан халыққа, елге, азаматқа, өзіңе не пайда? Соңғы күндері мені тегтеп, көп азамат төлқұжатымда ұлтты өзгертсем, қарсы емес екенін, тіпті «сен өзгертсең, рұқсат» деп жазып жатыр. Оған қарсы ойлар да айтылып жүр, орынды деп ойлаймын.

Осы сәтте барлығымыз бір сұраққа жауап іздейікші: ұлтты төлқұжатта өзгертсек, не өзгереді? Нақты тізіп берсеңіздер. Елде, халықта, қазақ даласын мекендеген әрбір азаматта не өзгеріс болады? Егер мен шатассам айтыңыздар.

Ал меніңше, өзгеріс болмайды. Қазақ тілін білмейтіндер қазақша сөйлеп кетпейді, жемқорлар жойылып кетпейді, экономика қарқынды дамып кетпейді, теңге бағамы доллармен тең болып кетпейді. Солай ма? Ал олай болса, популизмді ысырып тастап, елге пайдалы ұсыныс жасайық.

Орыс болып жүріп туған жерімді құрметтеп жүре берсем рұқсат шығар? Көбіміз Жаратушының берген ұлты мен патриотизмді шатастырған секілдіміз. Мойнымызға Жаратушының ісін алмай, адамның қолынан келетін, елге пайдалы дүниемен айналысайық», деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары