Алматы қаласындағы Sulpak дүкені алдындағы жайқалып тұрған ағаштардың бұталуына байланысты көтерілген шу ақыры ел президентінің құлағына жеткен секілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа ағаштарды заңсыз кесу фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізуді тапсырғаны белгілі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Мемлекет басшысы 2019 жылы 29 қазанда Алматыда қала проблемаларына арналған кеңесте сөйлеген сөзінде мегаполистің экожүйесіне ұқыпты қараудың, шаһар тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін тиісті жағдайлар жасаудың ерекше маңызды екенін мәлім еткен болатын», - деп жазыпты бүгін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Faceebook парақшасында.
Алайда, желі қолданушылары мен қоғам белсенділерінің ойынша, жай ғана қызметтік тексеріс аздық етеді. Кесілген ағаштарды қайта қалпына келтіріп, айыппұл төлеуі тиіс.
Журналист Нәзия Жоямергенқызы «жасыл желекке қырғидай тиетіндер көп Алматыда. Айыппұлмен құтылмауы тиіс. Дәл сондай үлкен ағаштарды тауып, қайтадан отырғызсын!» деп өз пікірін білдірген.
Сол секілді тағы бір журналист Кенжекей Тоқтамұратқызы басқа елде болса, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бүтіндей министрлер кабинетінің алдында басы салбырап, жауап беріп жатар еді дегенді жазған.
«Нәрмәлний үкімет болғанда, бүгін Үкімет отырысында кәрі ағаштың бәрін аралап тастаған Sulpak-ты, қаланың әкімі Сағынтаевты, Экология министрі Мырзағалиевті «бұрышқа» тұрғызып қойып, быт-шытын шығарар еді, пәленбай миллион айыппұл салар еді, тағы бір жердің экологиясын тазартуға жіберер еді. Тем более бүгін күн тәртібінде экология мәселесі қаралды.
Ал біздегі Үкімет ше? «Ластаушы өзі түзейді, төлейді» принципін қарады, бірақ, сөзбен ғана. Ауасы ең лас қалаларды атады, әрине, арасында Алматы бар. Бірақ, ол неге ластанып отыр деп қазбалаған (бас қатырғысы келген) жоқ. Ластау неден басталады? Ластау әдемі ғимарат үшін ағаштарды құртудан басталады, әлде мен кішкене ақымақпын ба...», - деп жазған өзінің Faceebook парақшасында.
Естеріңізде, желі қолданушылары Sulpak компаниясы көпжылдық 13 ағашты (тоғыз емен және төрт қарағай) түбімен кесіп тастағанын айтып, наразылық білдірген. Алматылықтар ағаштарды кесіп тастағаны үшін Sulpak-қа байкот жариялауға шақырған еді.