$ 494.87  520.65  4.91

«Үкімет коронавируспен күреске деп бөлінген 14,5 миллиард доллардың есебін берсін» - Жанболат Мамай

Үкімет «коронавируспен күресеміз» деп Азия даму банкінен 1,5 миллиард евро ақша сұрап жатыр екен. Тоқаев мамыр айында коронавируспен күреске және экономиканы оңалтуға 14,5 миллиард доллар бөлінді деді. Сол ақша қайда? Қай салаға жұмсалды? Кімге берілді? Ізім-қайым жоқ.
Фото: svoboda.org
Фото: svoboda.org

Қазақ үкіметінің Covid-19-бен күресу үшін Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен тағы 1,5 млрд евро көлемінде несие алу туралы бастамасы әлден-ақ жұртшылықтың қарсылығын тудырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Олардың айтуынша, онсыз да қарыз қамытын киіп отырған елге ауыр соққы болмақ. Қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың жазуынша, бұл елді одан сайын қарызға батыратын тірлік. Сонымен қатар, ебін тауып халықтың есебінен қаржы жымқырып қалудың бір амалы.

«Қазақстан тағы да шетелден қарыз алмақ.

Коронавируспен күресеміз деп Азия даму банкінен 1,5 миллиард евро ақша сұрады.

Сонда ол не деген бітпейтін коронавируспен күрес? Дамыған, бай мемлекеттердің өзі Қазақстан сияқты пандемияға сонша ақша жұмсаған жоқ. Тоқаев мамыр айында коронавируспен күреске және экономиканы оңалтуға 14,5 миллиард доллар бөлінді деді. Сол ақша қайда? Қай салаға жұмсалды? Кімге берілді? Ізім-қайым жоқ.

Одан кейін тағы да миллиардтаған теңгенің түрлі-түрлі сылтаулармен бөлінуі тоқтаған жоқ. Енді, міне, 1,5 миллиард евро алып, елді қарызға батырмақ», - деп жазыпты ол өзінің facebook парақшасында.

Жанболат Мамайдың айтуынша, ел үкіметінің мамыр айында коронавируспен күреске және экономиканы оңалтуға 14,5 миллиард доллар бөлінді деген ақпараты шындыққа жанаспайды, я болмаса, ол қаржы өз мақсатында жұмсалмаған. 

«Осы ақшаның бәрі шынымен бөлінсе, жазда, пандемия асқынып тұрғанда, халық неге дәрі-дәрмекті өзі іздеп кетті? ИВЛ аппараттарын елдің өзі ақша жинап неге іздеп кетті? Тіпті вакцина Қазақстанға келген тұста оны халықтың бәріне емес, бір бөлігіне тегін саламыз деп отыр. Ал басқа елдер бүкіл халыққа мемлекет есебінен салуды көздеуде. Сонда осынша қыруар қаржы қайда жұмсалмақ? Тағы да офшорлардан шыға ма?

Қаржыны бұлай ысырап етіп шашуды тоқтатып, халыққа нақты көмек көрсету керек. Мысалы, несиелік амнистия жарияласын. Халықты вакцинамен тегін қамтамасыз ету жағын ойластырсын. Сол тиімді емес пе?
Дұрыс па?», - деп атап өткен жазба авторы.

Бүгін БАҚ беттерінде «Covid-19-бен күресу үшін Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен тағы 1,5 млрд евро көлемінде несие алғалы жатыр» деген ақпарат пайда болды. Ресми деректерге сенсек, қарызға алынғалы отырған бұл қаржының бір бөлігі 2021 жылғы бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалса, қалғаны коронавирус пандемиясымен күресуге бағытталмақ көрінеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары