Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының XX съезінде Денсаулық сақтау саласы мен медицина қызметкерлерін қолдау жайында айтты.
«Жаңа жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, білім беруге, ғылымға, денсаулық сақтауға, мәдениет пен спортқа арналған шығыстар ұлғайтылатын болады. Бұл – адами капиталға, еліміздің болашағына арналған стратегиялық инвестиция. Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің кемінде 5%-ын құрайды. Мүмкін болатын жаңа індеттерге дайын болу керек», - деді Президент.
Цифрландыруды, телемедицинаны, биологиялық қауіпсіздік инфрақұрылымын қамтитын бірыңғай ұлттық жүйе құрылады. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника, өңірлік медицинаны дамыту үшін еліміздің барлық облыстарында 20 заманауи медициналық орталық салынады. Барлық аудандық ауруханалар, перзентханалар, ауылдық емдеу мекемелері қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
«Дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі. Басты мақсат - қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыру», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Тоқаев Nur Otan партиясының XX съезінде сөйлеген сөзінде ауылдарда балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт үйірмелерін ашудың маңыздылығын атап өтті.
«Салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер клубтарын шағын және орта қалаларда ғана емес, барлық ауылдарда да ашу керек», - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев, сондай-ақ, барлық жаттықтырушы мен оқытушының жалақысын көтеруді және әрбір ауылдық округте спорт нұсқаушысы лауазымы енгізілсін деп тапсырды.