Ресейде еден жуып күнелтіп жүрген қырғыздың жас қыздарына жаным ашиды деп басы дауда қалған Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына белгілі ақын Мұхтар Шаханов араша түсті. Оның айтуынша, қырғыздар қазақ министрінің сөзін бұрмалап әкеткен.
– Мұхтар аға, сіз қырғыз елінде 10 жыл қатарынан Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі болып қызмет атқардыңыз. Қырғыздың Манастан кейінгі бүкіл әлем мойындаған даңқты перзенті Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп «Құз басындағы аңшының зары» (Ғасыр айрығындағы сырласу) атты эссе, «Сократты ескеру түні» атты драма жаздыңыздар. Бүгінгі таңда бүкіл қырғыз елі сізге үлкен құрметпен, сеніммен қарайды. Жуырда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Мәскеуде қырғыз қыздары дәретхана жуып жүр» деген сөзіне көрші елдің басшыларынан бастап халқына дейін ренішін білдірді. Қырғыз ағайындардың өкпесі орынды ма?
– Қырғыздың үш басылымы маған да телефон соқты. Оларға мен: «Қазіргі материалдық байлық бірінші орынға шыққан күнкөріс заманында Мәскеуде де және басқа қалаларда да, сан түрлі қиын жағдайда жүрген қырғыздың да, қазақтың да, өзбектің де қыздары аз емес екендігін ұғындырдым. Министр Арыстанбектің қырғыз бауырларымыздың әлеуметтік жағдайына алаңдаушылық білдірген бір ауыз сөзін іліп әкетіп, гу-гулете теріс түсіндіріп жүргендерге тосқауыл болуымыз керек. Менің мынадай өлеңім бар:
«Шындық кейде қалың арпа ішіндегі бір бидай,Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?»Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,Ондайлардың бүгінгі аты «Ырбикүл» мен «Жырбибай!»
Сондықтан, Мәдениет министрінің бұрмаланған пікірін кейбір «Ырбикүлдер» мен «Жырбибайлардың» жел сөзінен қорғап қалу азаматтық міндетіміз емес пе? - дейді М.Шаханов.
Естеріңізге салайық, наурыз айында халыққа есеп берген Арыстанбек Мұхамедиұлы Ресейде еден жуып жүрген қырғыздың жас қыздарына жаны ашитынын айтқан болатын.
Елдос Өмірзақұлы