Бұған дейін үн-түнсіз келіп, күтпеген жерден билікпен ат құйрығын кесісіп өз бетінше жеке партия құруға кіріскен экс-депутат әрі «Нұр Отан» партиясының мүшесі Нұржан Әлтаевтың тірлігі қазақ қоғамын дүдәмал ойға батырып тастады. Бір тобы «халықшыл азаматтың ісі» десе, екінші тарап Әлтаевтың әрекетін «атың шықпаса жер өрте» яғни хайпқа балап сан-саққа жүгіртіп жатыр. Ал экс-депутаттың өзі бұл кетісінің мәнісін «халықтың жағдайын көре тұрып, үнсіз қала алмадым» деп түсіндірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мәселен журналист әрі қоғам белсендісі Тоқтар Жақаш бұрынғы нұротандық саясаткердің бұл сөзімен келісе алмайтынын білдірген.
«Осы біздің шенеуніктеріміз бен депутаттарымыз орынтағынан түсіп қалса бірден «халықшыл» боп шыға келеді екен! Бүгін билік партиясынан ит қосып қуылған Нұржан Әлтаев «халықтың жағдайын көре тұрып, үнсіз қала алмадым» депті. Па, шіркін-ай!
Былтыр, көпбалалы балаларға әлеуметтік төлем төлерде «бір балаға 20 мың теңге беймарал жетеді!» деп, бұрынғы әріптестерін шыр-пыры шығып қорғағанда халық қайда қалып еді? Халықшыл болса, бір балаға жұмсалатын шығынның көлемін еуропалық стандарттарға сай етіп көтеру туралы мәселе қозғамады ма?
Онысы мақұл-ақ!
«Ел тірегі» қоғамдық ұйымы негізінде құрамын» деген партиясы қайда қалды? Халықшыл болса, не себепті осы уәдесінде тұрмады? Халыққа неге ұран тастамады? Осы сөзінің астарынан шантаж-мантаждың иісі шықпай ма?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Сондай-ақ ол Әлтаевтың партиядан шығарылуына Әлтаевтың Франция президенті Макрон туралы шулы мәлімдемесі түрткі болуы мүмкін екенін айтқан.
«Жалпы, Әлтаевтың партиядан шығарылуына мына нәрсе себеп болды деп ойлаймын:
Франция президенті Макрон мен Түркия президенті Ердоған сөзбен ілінісіп қалғанда, біздің Нұржан Әлтаев Макронды әлеуметтік желіде (ютуб каналда) кәдімгідей тілдеп тастады. Бұл жайт Парламент регламентінің (депутаттық этика туралы) 108 бөлім, 23 тармағына қайшы еді. Саяси тұлғаның бұл мәлімдемесіне Франция елшілігі назар аударса, халықаралық «скандалдың" бұрқ ете қалуы әбден мүмкін еді. Әдетте, сыртқы саясатта Нұржан Әлтаев секілді» лақ етпе» жеңілтектік құпталмайды.
Әлтаевтың бұл ісі Парламенттің депутат этикасы Кеңесінде талқыланып, соның кесірінен партиядан шығарылды. Енді расымен халықшыл болса, көрейік. Партия құрып, айналасына қара жинай алар ма екен, жоқ па екен?», - деп атап өткен жазба авторы.