Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің Facebook парақшасында Түркістан қаласындағы тағы бір былықтың бетін ашатын жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің жазуынша, аталмыш өңірдегі жаңадан салынып жатқан құрылыстардың сапасы сын көтермейді. Пайдалануға берілген кейбір нысандардың алды сыр бере бастаған. Қабырғалары сөгіліп, құлаудың аз-ақ алдында тұр.
«Түркістан қаласында жаңадан соғылған үйлердің бірі бірінші қабаттан бастап жоғарғы қабатқа дейін жарылған деп отыр тұрғындар!
Енді жарылған үйді сыртынан қазып, бекітпекші екен. Тұрғындар өздерінің өмірлеріне алаңдап, маған видео түсіріп жіберіпті.
«Бұл қаншалықты қауіпсіз» деп менен сұрап отыр?
Түркістан облысында әкім Шөкеев, қала әкімі Рашид Аюпов бар емес пе?
«Түркістан түлеп жатыр, Түркістан гүлдеп жатыр», - деп ақпарат таратып жатқандар бар емес пе?», - деп жазған бұл жолы.
Айгүл Орынбектің айтуынша, әкімшіліктегілерге қаладағы құрылыс нысандарының сапасыз екенін әлденеше рет ескерткенге ұқсайды. Алайда ешкім пысқырып та қарамаған.
«Жаңадан соғылған үйлердің дәл осылай асығыс қисық, мисық сапасыз салынып жатқанын жазда ерінбей барып түсіріп көрсеткен болатынмын.
Бұл үй мүгедек, жағдайы жоқ отбасыларға салынған екен.
Мүгедектер мен жағдайы жоқтарға осындай сапасыз үй салсақ болады деп, білгендеріңді жасай бересіңдер ме?
Түркістан облысының прокуратурасы, мына үй құлап, халық қырылып қалғанда ғана тексеру жүргізесіздер ме?», - деп атап өткен ол дәлел ретінде тұрғындарының бірінің шағымы көрсетілген бейнежазбаны қоса жариялаған.