$ 494.87  520.65  4.91

Тимур Құлыбаев прокуратураға арыз түсірді

Бір апта бұрын британдық басылым Тимур Құлыбаев Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда көрді деп жазған еді.

Қазақстанның бұрынғы президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев бас прокуратурадан Financial Times газетінде жарияланған мақаладағы ақпаратты тексеруді сұрады. 8 желтоқсанда кешке Inbusiness сайты Құлыбаев тарабынан жазылған хабарламаға ұқсас жазбаны жариялады, деп жазады Азаттық

Бір апта бұрын британдық басылым Тимур Құлыбаев Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда көрді деп жазған еді.

Inbusiness-те жарияланған хабарламада Құлыбаевтың "нақты фактілермен дәлелденбеген тұжырымдардан" құралған, "өзара қиыспайтын субъективті қорытындыларға негізделген" мақаладағы ақпаратпен келіспейтіні жазылған.

"Құлыбаев Т.А. мақалада айтылған келісімге ешқашан тіке немесе жанама түрде араласқан емес. Жоғарыда айтылған жайттарды ескере отырып, Құлыбаев Т.А. Қазақстан бас прокуратурасынан ресми түрде жан-жақты тексеруді өтінді" делінген хабарламада.

3 желтоқсанда Financial Times-да жарық көрген мақалада авторлар басылым қолына түскен құжаттарға сүйенген. Зерттеу авторлары Қазақстанның экс-президентінің күйеу баласы Құлыбаев ресейлік кәсіпкер Александр Кармановқа тиесілі ЕТК компаниясының Қазақстаннан өтетін газ құбырынан көрген пайдасынан үлкен үлес алған деп қорытынды жасаған.

Азаттық тілшісі бас прокуратурадан жауап алуға тырысып жатыр.

FT мақаласының соңында сипатталған схеманың жария болуына белгілі бір деңгейде Назарбаевтың жиен немересі марқұм Айсұлтан Назарбаевтың отбасындағы жемқорлық істері туралы мәлімдемесі түрткі болғаны жазылған. Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі, Австрия түрмесінде өлі табылған Рахат Әлиевтің екінші ұлы Айсұлтан Назарбаев биыл 15 тамызда Лондонда қайтыс болды.

Қазақстанның бұрынғы президентінің екінші қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі Тимур Құлыбаев - Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі. Forbes журналы екеуінің ортақ байлығын 6,8 миллиард доллар деп бағалаған.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары