Парламенттің жоғарғы палатасы – сенат 10 желтоқсан күні "Қазақстан үкіметі туралы" конституциялық заңға өзгеріс енгізіп, "жауапты хатшы" лауазымын алып тастады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова қысқа ғана баяндама жасап, министрліктердегі жауапты хатшылар институтын тарату президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күнгі жолдауында айтылған тапсырмасына байланысты екенін мәлімдеді. Отырысқа қатысқан депутаттардың ешбірі қарсы болмады.
Қазақстанда жауапты хатшы лауазымын бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы енгізген.
Заң бойынша жауапты хатшыларды президент тағайындайтын және олар жоғары статусқа ие болатын. Жауапты хатшылар президентке, премьер-министр мен министрге есеп беретін бірақ министр ауысса да олар қызметінен кетпейтін. Министр сияқты ол да атқарушы орган бөлімшелерінің басшыларын, қызметкерлерін жұмысқа алуға не босатуға құқылы еді. Жауапты хатшыға министрдің міндеті берілмейтін және сондай-ақ министр мен оның орынбасарлары да жауапты хатшының міндетін атқара алмайтын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күнгі жолдауында осы тәртіпті өзгертіп, жауапты хатшылардың міндетін аппарат басшыларына жүктеу жөнінде тапсырма берген. Ол: "Бұл институтты енгізер кезде жауапты хатшылардың ауыспайтындығы министрлерді әкімшілік кадрлық жұмыстан босатып, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді делінген еді. Бірақ бұлай болған жоқ. Министрлер мен жауапты хатшылар арасында кикілжің жиіледі. Оның кесірі жалпы іске тиеді" деген.
Бүгін қабылданған өзгеріс бойынша, енді жауапты хатшы міндеті жүктелген аппарат басшыларын министр тағайындайды.