16.12.2020, 03:41

«Ешкім танымайтын қайдағы бір депутаттардың сөзіне бола тулаудың қажеті жоқ» - Марғұлан Сейсембай

фото: adyrna.kz
Бұл жұртты басқарушы партия мен билік төңірегіне біріктіру үшін ойластырылған саяси ойын ғана. Егер Қазақстан билігі осы жағдайға қатысты расымен мазасызданып, уайымдаса, олар жасалған мәлімдемелерге қатысты батыл шаралар қолданар еді.

Ресей думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоровтың Қазақ жеріне қатысты соның ішінде әсіресе солтүстік облыстарға қарата айтылған біртүрлі мәлімдемелері ел ішінде үлкен қарсылық тудырып жатыр. Қос бірдей депутаттың даулы мәлімдемесіне біраз қоғам қайраткерлері мен тарихшылар, белгілі саясаттанушылар қарсылықтарын білдіріп, өздерінің уәждерін келтіруде. Бүгін осы мәселеге қатысты белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай да facebook парақшасы арқылы өзінің көзқарасын білдірген. Бір қызығы Сейсембай мырза бұл мәселені жай ғана политтехнология деп қабылдаған. Яғни жұртты басқарушы партия мен билік төңірегіне біріктіру үшін ойластырылған саяси ойын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Достар, соңғы күндері қазақ жерлері туралы ресейлік депутаттардың арандатушы пікірлеріне қатысты менің көзқарасым хақында сұрақтар көптеп түсіп жатыр. 

Менің алғашқы реакциям жұрттікімен бірдей болды. Бірден олардың сазайын бергім келді. Бірақ...

Бұл жағдайдың астары бөлек. 

Барлығының реакциясының осындай болуы ешкім үшін жаңалық болмады. Ал барлығының реакциясы алдын ала анық болса, оны біреу өз пайдасына жаратуы мүмкін. Ал оны біреу өз мүддесіне қолдануы мүмкін болса, солай жасап отырғандар да болуы тиіс. Ендеше, бұл кімге, не үшін керек, саралайық. 

Біріншіден, бұл мәлімдемелерді жасаған ешкімге таныс емес, әрі ешкімге керек емес депутаттар. Былайша айтқанда, техникалық депутаттар. Екіншіден, олардың пікірлері мен наразылықтарын негізге алып, Қазақстанға бас салайын деп отырған ешкім жоқ. Путин Қазақстанға шабуыл жасау өз ақырының бастауы боларын анық біледі.

Ресей барлық Орталық Азиядан қол үзіп қана қоймай, Ресейдің түркітілдес және мұсылман халықтарының үлкен наразылығына ұшырайды. Оның үстіне, сол депутаттармен қатарласа екі ел басшылары өзара достық пен одақтастық қатынастарын растады. Путин өз құттықтау сөзінде достығымызды ерекше назарға алып, екі елді бауырлас халықтар деп атайды. 

Осыдан шығатын қорытынды: ақпараттық шабуыл екі ел билігі арасында араздастық туғызуға бағытталмаған», - деп жазған ол бұл жолы.   

Оның айтуынша, бұл жай ғана политтехнология. Яғни жұртты басқарушы партия мен билік төңірегіне біріктіру үшін ойластырылған саяси ойын

«Бұл арандатушылық қазақтар Ресейді жау деп танып, басқарушы партия мен билік төңірегіне бірігуі үшін ойластырылған. Сырттан жау келген жағдайда адамдар әрдайым түйсікті түрде басқарушы биліктің төңірегіне шоғырланады. Бұл политтехнология.

«Бөліп ал да, басқара бер». Бұл жағдайда Қазақстан мен Ресей халықтарын бөлу арқылы.

Егер Қазақстан билігі осы жағдайға қатысты расымен мазасызданып, уайымдаса, олар жасалған мәлімдемелерге қатысты батыл шаралар қолданар еді, мысалы, елшінің пікір білдіруі, аталмыш депутаттарға қарсы санкция енгізу, Ұжымдық қауіпсіздік келісімінен шығу, өзге де әрекеттер. Бірақ мұндай реакция жоқ, ендеше біздікілерге бұл тиімді. Оған қоса, алда парламент сайлауы, ал белорустар мен қырғыздар сценарийінің қайталануын ешкім қаламайды. 

Сол себепті, менің бұл ресейлік депутаттарға деген көзқарасымды бөлісер болсам, олар кеңкілдеуімен өз тұқымдастарының назарын аударатын сатқындық жасаушы үйректер сияқты көрінеді, ал торуылдағы аңшылар өз ісін жақсы біліп отыр», - деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.