Қазақстанда ресейлік ҰАҚ ұйымы жұмыс істемейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Шындығында, мұндай ұйым жоқ. Бұл ақпарат тексерілді. Жоғарыда аталған мекенжай бойынша және жалпы, елорда аумағында «ҰАҚ» деп аталатын ұйымның штабы жоқ. Сілтеме фейк, ал осы ұйымда аты аталған адамдар ҚР азаматтары емес. Арандатушылық әрекеттерге бармауларыңызды сұраймыз», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті.
Ұйымды «Ресей Қазақстанға жерін сыйға тартты» деген ресейлік Федоров басқарып отыр деген ақпарат тараған болатын. Айта кетейік, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы мен Нұр-Сұлтан аумақтық тұтастықты бұзу мен Қазақстанның Тәуелсіздігін жоюды мақсат еткен «Ұлттық азат ету» қозғалысының кеңселері бар екені туралы жазып, дабыл қаққан болатын.
Тайжанның мәліметінше, ақпаратқа сәйкес, оның басшысы – Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров. Пайдаланушылардың айтуынша, ҰАҚ ұйымы ашық жұмыс істейді, тіпті Алматы мен Нұр-Сұлтандағы өз кеңселеріне шақырып, қазақстандықтар арасынан жаңа мүшелерін қабылдауда.