28.12.2020, 12:20

«Гаик Тертерян өзінің шошқабазын сақтап қалу үшін жымысқы әрекеттерге көше бастады» - журналист

фото: kznews.kz
Шошқабаздың иесі оны жабуды емес, қалай қарсы әрекет жасауды ойластырып, өзінше іс-қимылға көшіпті.

Күллі қазақ қоғамын дүр сілкіндірген Ақтөбедегі шошқа дауының әзір басылатын түрі көрінбейді. Қоғам наразылығынан кейін экологтар шошқа фермасының иесі Гайк Тертерянға 7 миллиард теңге көлемінде айыппұл салған болатын. Егер бұл айыппұл уақытылы төленбесе, «ферманы түбегейлі жабу туралы сотқа талап қойылуы тиіс еді. Осылайша, батыс жұрты атышулы шошқа фермасының жабылуын күтіп отырған болатын. 

Алайда, жағдай жұр ойлағандай болмай шыққан. Гайк Тертерян өзінің шошқа фермасын қалайда жаптырмауды ойлап, астыртын әрекетке көше бастағанға ұқсайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, ол қаладағы кейбір сауда дүкендерінің есіктеріне жұрттың атынан өтірік қарсылық хат жапсыра бастаған. 

Бұл туралы журналист Бақыт Жаншаева өзінің facebook парақшасында жариялаған. 

«Тертерян пысқырар емес.

Дүйім жұртты дүрліктірген айқай-шудан соң 7 млрд айыппұл салынды деп, жабылуын күтіп отырсақ ... Шошқабаздың иесі оны жабуды емес, қалай қарсы әрекет жасауды ойластырып, өзінше іс-қимылға көшіпті. Ақтөбедегі Батыс-2 ауданында, "Мұз айдыны" ғимаратының жанында 39"Б" үйде орналасқан "ВАЙГЕ" ет дүкенінің есігінде "МЫ ПРОТИВ ЗАКРЫТИЯ СВИНОФЕРМЫ БЕСТАМАКСКОГО ЖИВОТНОВОДЧЕСКОГО КОМПЛЕКСА" деп үлкен етіп жазып қойыпты. 

Бұны көрген облысқа сыйлы ағамыз, профессор Алтай Тайжанұлы : ...ішіне кіріп қызметкерлердің бірінен: "қарсылықты көрсетіп жатқан дүкеннің қожасы ма? Әлде сендер халықтың атынан жазып отырсыздар ма?"- деп сұраса, жауап бермепті. Сосын Алтай Тайжанұлы жағдайды түсіндіріп, 90% астам мұсылман халқы бар облыс тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап етеді деп түсіндірген. 

Кәсіпкер Гаик Тертерянға халықтың атынан шошқафермасын жабуға қарсымыз деп үндеу жазуға кім құқық берді? 

Профессор Алтай Тайжанұлы: "Сайлау қарсаңында халық пен билік және сол жердегі тұрғындар мен басқалар арасында жымысқылықпен қарсылықты пікір қалыптастыруға неге мүдделі? Бұған жергілікті билік пен құқық қорғау органдары не дейді?" деген сауалмен облыстық қоғамдық кеңес чатына да салды. 

Комиссия құрып, 7 млрд штраф салған, кезең-кезеңмен щошқаны сойып тауысып, кәсіп бағытын өзгертеді деген шешімге Тертерянның пысқырмай отырғаны ма?», - деп жазған журналист өзінің facebook парақшасында.