28 желтоқсанда билікшіл "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев ішкі істер министрлігіне сауал жолдап, партия туралы үнпарақ таратушылардың ұсталуына байланысты ақпарат беруді сұрады, деп жазады Азаттық радиосы.
Осыған дейін қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов парламент сайлауы қарсаңында жақтастарын "Ақ жол" партиясын қолдауға шақырып, "осылайша "Нұр Отанның" жеңуіне мүмкіндік бермейміз, сайлаудағы заңбұзушылықтарды әшкерелейміз" деп мәлімдеген еді. Осыдан кейін жер-жерде "Ақ жол" үнпарақтарын таратқандардың ұсталғаны жайлы ақпарат тараған.
"[Партияға] үгіттеп жүрген азаматтарды жеке саяси көзқарастары мен сенімдері үшін ұстау, олардан үгіт-насихат материалдарын тартып алу, сонымен бірге оларды жауапкершілікке тарту фактілері бойынша арыздар түсіп жатыр. Осы ақпарат расталған жағдайда аталған азаматтарға нақты қандай заң бойынша айып тағылып отырғанын, нақты қандай заңның нормаларын бұзғанын және бұл құқық бұзушылықтың нақты неден тұратынын хабарлауыңызды сұраймын" делінген хатта.
Партия жетекшісі "Сайлау туралы" заңның 28-бабы бойынша, "кез келген азамат пен қоғамдық бірлестік кандидаттар мен саяси партияларға қарсы немесе жақтап үгіт-насихат жұмыстарын кедергісіз жүргізу құқығына ие" деп атап өтеді. Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ішкі істер министрлігі сауалды қабылдаған. Қашан жауап беретіні белгісіз. Баспасөз қызметі осыған дейін нақты қанша адам ұсталып, қанша үнпарақ тәркіленгені туралы мәліметті айта алмады.
Азаттық тілшісі әзірге ішкі істер министрлігінен жауап ала алмады.
Бұған дейін жақтастарын "Ақ жол" партиясына дауыс беруге шақырған Әблязов "ақылмен дауыс беру" арқылы "сайлаудағы жаппай заңсыздықты әшкерелейміз, сайлау нәтижесін жарамсыз етуге қол жеткіземіз" деп мәлімдеген. Оның мәлімдемесінен кейін "Ақ жол" партия құрамына мүше қабылдауды уақытша тоқтатқан.
Оралдық белсенді Орынбай Оқасов 24 желтоқсанда полицияның жолда ұстап, "Ақ жол - иә" деген жазуы бар, "Нұр Отан" сөзі сызылған он шақты үнпарақ пен байқаушылар нұсқаулығын тәркілеп алғанын айтады. Оның жанында тағы екі белсенді болған. Айтуынша, үшеуін полицияға апарып, түсініктеме жаздыртып, босатқан.
"Ол материалдарды қолдан жасағанбыз. Яғни, партияның насихат қағазының көшірмесі" дейді Орынбай Оқасов. Ол демалыс күндерінен бері полиция қызметкерлері келіп, бірінен соң бірі шақыру қағаздарын тапсырып жатқанын айтты.
Qaharman құқық қорғау қорының мәліметінше, елде "Ақ жол" партиясын насихаттаған белсенділерді ұстау, полицияға шақырту, тінту жүргізу жалғасып жатыр. 22 желтоқсанда Таразда белсенді Елдосы Қырықбаев "анонимді үгіт-насихат жүргізгені үшін" (Әкімшілік кодекстің 113-бабы) 166 доллар көлемінде айыппұл салынған. 23 желтоқсанда дәл сондай айыппен астаналық белсенді Гүлмира Қалықоваға 166 доллар көлемінде айыппұл салынған. Қор сот шешімдерін де жариялаған.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Оған "Нұр Отан", "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.
24 желтоқсанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Қазақстандағы сайлауды бақылау бойынша миссиясы аралық баяндамасын жариялап, сайлауалды үгіт науқанының "тым сылбыр" өтіп жатқанын айтқан.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған. Былтыр өткен президент сайлауында да ЕҚЫҰ "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған. 2019 жылы президент сайлауы кезінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, сайлауға қарсылық білдірген. Құқық қорғаушылар сайлау кезінде биліктің бейбіт митингіге шыққан азаматтарды жосықсыз қудалап, жазалағанын айтқан.