Әлеуметтік желі бетінде Дәулет Серікбай есімді блогердің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына жазған жазбасы пайда болды. Блогер өз жазбасында қала көшелеріндегі бағдаршамдардың дұрыс реттелмегенін әрі осының кесірінен көлік кептелісі туындайтынын айтқан. Сондай-ақ ол, көлік апаты мен қара жолдың бойындағы адам өлімі секілді қайғылы жағдалардың барлығы да бағдаршамдардың жүйесіздігінен болып отырғанын жазған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Біздегі кептелістер қолдан жасалады екен. Кептеліс болатындай Мәскеу, Токио сияқты 15 млн халық тұрмайды, 1 млн халқы ғана бар қалаларда кептеліс болмауы керек.
Кептеліс жасайтын бағдаршамдар екен. Бағдаршамдар дұрыс реттелмеген.
Бағдаршамдардың көпшілігінде бұрылысты көрсететін белгі жоқ. Сондықтан жүргізушілер қызыл жанғанда бұрылуға мәжбүр.
Бұрылыс белгісі бар бағдаршамдардың өзі жетісіп тұрған жоқ, өтуге уақытты тым аз береді, және жаяу жүргіншілерді өткізіп барып бұрылады.
Қысқасы бұрылысқа жасыл жанғанда бір ғана көлік өтіп үлгереді.
Мысал үшін айтсам, Манас көшесінен Абылай хан даңғылына бұрылу үшін бағдаршам 5 рет жасыл жанғанда әзер өттік. Бұрылуды көрсететін белгі жоқ», - деп жазған ол өзінің жазбасында.
Сондай-ақ ол, бағдаршамдардың жүйесіздігінен көлік апаты мен қара жолдың бойындағы адам өлімі секілді қайғылы жағдалардың азаймай отырғанын айтқан.
«Көптеген жол апаттары осы қиылыста орын алады екен. Оны өз көзіммен көрдім. Бурабай көшесінен Шәкәрім даңғылына бұрылмақшы болып жолдың ортасында тұрған көлікті, тура келе жатқан көлік соққан болатын. Әйтеуір адам шығыны болмады. Тура келе жатқан көліктің де кінәсі аз. Жасыл жанғанда жүрді.
Бар пәле бағдаршамда.
Енді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа сұрақ.
Сіз жалпы ірі қалаларда бағдаршам реттелмеген, жол апаттары осы себепті болатынын білесіз бе?
Қазақтың талантты әртісі Шолпан Елгезекова ханым да осы бағдаршам реттелмеуінен қаза болды. Бұрылмақшы болып жол ортасында күтіп тұрған көлікті, тура келе жатқан көлік соққан болатын. Соққан көлік жүргізушісі мас болды, жылдамдықты асырды десек те оған жасыл жанып тұрған болатын.
Осы бағдаршам реттелмеуінен қаншама автобус, жолаушы жолынан кешігетінін, жедел жәрдем, өрт сөндіру, полицияның оқиға орнына уақытылы жете алмайтынын білесіз бе?
Бағдаршамның қасына қаптаған, салақтаған Сергек ілгенше, неге дұрыс бағдаршам ілмеске?», - дейді жазба авторы.
Блогер өз жазбасында жаяу жүргіншілерге арналған жолақтарды жол қиылыстарынан алыстау жерге орналастырса тиімді болар ма еді деген ұсыныс білдірген.
«Екіншіден бағдаршамнан адам өтуге тыйым салуды ұсынар едім. Адамдарға бағдаршамнан 20-30 метр жерден «пешоход» сызылса, адамдар жасыл жанғанын күтіп топталып өтпес еді.
Кептеліс сәл азаяр еді. Халықтың жұмысы бар, барар жеріне тез жетуі керек. Халық жолпол сияқты жоғары жалақы алмайды, олар сияқты ерте зейнетке шықпайды.
Көше қиылысынан қызыл жанғанда бұрылуға мәжбүр болып, айыппұл арқаламауы керек.
Сіздердің міндеттеріңіз айыппұл салу емес, көше қозғалысын реттеу, жүргізушілерге ыңғайлы жағдай жасау болуы керек.
Жылы кабинеттен шығып көше қозғалысын қалай қатырып қойғандарыңызды, автобуспен жүріп көруді ұсынамын. Қойған бағдаршамдарыңыз ірі қалаларға арналмаған. Шағын қалаларға қоятын нәрсе.
Тағы бір мәселе, бізде қалалардың арасы тым ұзақ. Мамандардың айтуынша көлік жүргізушісі әр 2 сағат сайын 10-15 минут дем алуы керек екен. Қаларалық жолдардан ондай жазылған баннерлерді байқамадым. Қалааралық жолдарға әр 2-3 сағат сайын демалу жайлы баннер ілу қиын нәрсе ме? Үгіт-насихат жүргізуде міндеттеріңіз емес пе, айыппұл салудан өзге ештеңе білмейсіздер», - делінген блогердің жазбасында.