Сонымен көптен күткен сайлау додасы да аяқталып, алдын ала exit poll нәтижелері белгілі болды. Өкінішке қарай бұл жолы да жұрт күткендей нәтиже бола қоймады. Бұл жолы да сол Мәжіліс төрінде бұрыннан келе жатқан үш партия (Nur Otan, Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) және «Ақ жол» партиялары) топ жарып, заң бойынша бекітілген жеті пайыздық межені бағындырыпты. Қалған екі саяси ұйымның (ADAL және «Ауыл» партиясы) жинаған дауысы тым төмен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Еxit poll жүргізген «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының есебінше, «Nur Otan» - 71,97 пайыз;
«Ақ жол» - 10,18 пайыз;
Қазақстанның халық партиясы - 9,03 пайыз;
«Ауыл» - 5,75 пайыз;
ADAL - 3,07 пайыз дауыс жинаған.
Басында айтып өткеніміздей, Қазақстанда заң бойынша, парламентке жеті пайыз дауыс алған партиялар өтеді. Сайлаудың нәтижесі 11 қаңтарда яғни бүгін жариялануы тиіс.
Әдеттегідей бұл жолы да сайлаудың алдын ала нәтижелеріне жұрттың көңілі толмай жатыр. Әлеуметтік желі бетінде «жұрт негізінен «Ауыл», «ADAL» және «Ақ жол» партияларына дауыс бергендерін айтып, билік партиясының елден ерек жеңісіне күмән келтіріп жатқанын байқауға болады.
Ресми қорытынды жарияланбаса да саяси додаға қатысқан партиялардың төрағалары өз жеңілістерін мойындап үлгерген. Кеше түнде «ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали сайлау қорытындысымен келісетіндігін білдіріп, бас партияны жеңісімен құттықтады. «Экзит-пол деген бар, өздеріңіз білесіздер. Соның алғашқы анализі бойынша Nur Otan партиясы бірінші орында келе жатыр. Сондықтан өзім Nur Otan партиясын құттықтаймын», - деді Серік Сұлтанғали.
Бір қызығы, адалдықтардың біразы exit poll нәтижесіне сенімсіздік білдірген. Мәселен, осы «ADAL» партиясының мүшесі Мақсат Толықбай өзінің ФБ парақшасында «Біз жеңдік. Ертеңгі нәтижені күтейік. Мәлімдеме жасаймын» деп жазғанын байқадық.
Тағы бір айта кетерлігі, кейбір қоғам белсенділері 375 мыңнан астам мүшесі бар «ADAL» партиясының дәл мұншалықты төмен дауыс жинауы мүмкін емес екенін айтқан. Солардың бірі - Мият Кәшібай есімді журналист.
«Мына қызықты қараңыздар. Елде 11,8 млн сайлаушы тіркелген. Бүгін учаскеге барып дауыс бергендер 63,3% екен. Яғни, шамамен 7,4 млн адам. Экзитпол нәтижесі бойынша, "Адал" партиясы 3,07% дауыс жинап тұр. Яғни, бұл партияға шамамен 228 мың сайлаушы дауыс берді деген сөз.
Адалдық Мақсат Толықбай мен Адалды жатпай-тұрмай жарнамалаған Нұрбек Бекбау сайлау алдында партияға «20 күн ішінде 300 мың адам мүше болды» деген еді. Оған дейін бұл партияның 75 мың мүшесі бары айтылып жүрді.
Шамамен 375 мыңға жуық мүшесі бар партияның өз адамдары да толық дауыс бермегені ме сонда?
«300 мың адам партияға мүше болды» деп адалдықтар асырып айтып жүрді ме екен, әлде 3,07% деген экзитпол нәтижесі жалған ба?
Әрине, экзитпол нақты нәтиже емес қой. Бірақ ертең ОСК шығарған сандар да экзитполмен сәйкес келсе, адалдықтар не істейді екен?», - деп жазған өзінің facebook парақшасында.