11.01.2021, 15:40

Мектеп оқушылары III тоқсанда қалай оқиды?

Фото: ашық дереккөз
Қалған 30%-і — информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негіздері, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытылады.

Ертең, 12 қаңтардан бастап елордада 9, 11 және 12 сынып оқушылары мектепке барып оқиды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

11 қаңтар күні оқу жылының үшінші тоқсаны басталды. Бұған дейін мектеп бітіретін оқушылар 11 қаңтардан мектепке барып оқитыны айтылған еді. Алайда бүгін сайлау учаскелері орналасқан білім ошақтарында дезинфекция жасалуына байланысты, балалар қашықтан білім алады.

Ал ертең, 12 қаңтардан бастап оффлайн режимде оқыту басталады.

Әкімдіктің ақпаратынша, үшінші тоқсанда 1-5 сынып оқушылары "кезекші" сыныптарда оқуды жалғастырады.

Ал мектеп бітіретін 9, 11, 12-сыныптар кезекші сыныптар қағидаты бойынша аралас форматта (15 адамнан артық емес) оқиды.

Оффлайн сабақтар кестесіне инвариантты компонент пәндері кіреді: орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы. Бұл оқу пәндерінің 70%-ін құрайды.

Қалған 30%-і — информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негіздері, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытылады.

Мектептер ыңғайлы кесте әзірлейді, сабақ арасында әр сыныпқа әртүрлі уақытта 5 минут үзіліс беріледі. Әлеуметтік қашықтық үшін ауысымдар көбейеді. Бір сабақтың уақыты 30 минуттан аспайды.

Айта кетсек, үшінші тоқсанда Нұр-Сұлтанда 70 мыңға жуық оқушы мектепке барады.

Тегтер: мектеп оқушы