"Transparency Kazakhstan" қоғамдық қоры жемқорлыққа қатысты сауалнама жүргізу кезінде халықтың кімге көбірек сенетінін анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз респонденттерден мемлекеттік органдар мен саясат өкілдерінің ішінде кімге сенетінін сұрадық. 2019 жылмен салыстырғанда президенттен басқа барлық мемлекеттік органға деген сенімнің төмендегенін байқап отырмыз. 2020 жылдың нәтижесі бойынша президентке деген сенімнің деңгейі 9 процентке артып, 70 процентке жетті", - деді қоғамдық қордың атқарушы директоры Ольга Шиян астанада өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, халықтың сенімі жағынан екінші орында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тұр. Ол 63 процентке ие болды. Үшінші орында – үкімет (59 процент), төртінші орында – мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік, бесінші орында – Nur Otan, алтыншы орында бұқаралық ақпарат құралдары орналасты.
Айта кетейік, сауалнама өткен жылы күзде ұйымдастырылған. Оған республика бойынша 9 000 адам қатысты. Бұдан бөлек, ашық диалог порталына түскен мыңдаған арыз-шағым зерделенді. Ал зерттеу жұмысына 200-ге жуық сарапшы тартылды.
Сауалнама кезінде Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау және Қызылорда облыстарының тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа жиі тап болатынын жеткізді. Жемқорлық қаупі жоғары мекемелер де анықталды. Олар:
ауруханалар;
полиция;
жер қатынастары басқармасы;
халыққа қызмет көрсету орталықтары;
мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар.
Сарапшылар сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін негізгі себептердің тізімін де жасады.
Оған сәйкес, өткен жылы бірінші орынға емделуге жолдама алу мәселесі шықты. Соның ішінде коронавирус және басқа да ауруларға қатысты ем-дом шаралары бар. Одан кейін жұмысқа тұру мен баланы балабақшаға орналастыру мәселесі тұр. Адамдар сол үшін пара беруге дайын. Ал делдалдар ақша сұраудан ұялмайды. Дағдарысқа байланысты параның көлемі біршама азайды. Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Жамбыл облысында "парасыз ешнәрсе шешілмейді" деген пікір әбден орныққан.