Сайлау күні жақтастарымен бірге Алматыда митинг ұйымдастырып, тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызған, тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қазақстандық шенеуніктердің бизнесіне қатысты мәліметтерді таратуды одан әрі жалғастырып келеді. Жуырда парақшадағы бір видео Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа арналды.
Жүргізуші Абзал Достияровтың айтуынша, Бердібек Сапарбаев Қызылорда облысы Жаңақорған ауылында дүниеге келген. Оның туған ауылы Ақжол 2005 жылдан бастап Сапарбаевтың әкесінің есімімен Машбек деп аталады. Аталған ауылдағы шаруашылық, дүние мүліктер Бердібектің туған бауыры Әлібектің меншігінде. Жаңақорған ауданындағы газ компаниясының да жалғыз иесі Әлібек Машбекұлы. Сондай-ақ, Жаңақорғандағы балшықпен емдейтін атақты шипажайдың 49 пайыз акциясы да соған тиесілі көрінеді.
Бердібек Сапарбаевтың туған інісі Нұрлыбек Машбекұлы (Нәлібаев) 30 жасында Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта ол Қызылорда қаласының әкімі. Қызылорда қаласында Сапарбаевтар әулетіне тиесілі «Арай» деген сөзбен басталатын СПА, мейрамхана, бизнес орталықтары бар.
«Осы өңірдегі жанармай бекеттерінің басым бөлігіне иелік етіп отырған да осы отбасы», дейді Абзал Достияров.
Бердібек Сапарбаевтың ұлы Жансұлтан да бүгінде шенеуніктік қызмет атқарады. Сапарбаевтың өзі сұхбаттарында ұлының қызметтік өсуіне ешқандай қатысы жоқтығын мәлім еткен. Алайда бұған сенуге болмайды. Жансұлтан Сапарбаев елордадағы Гумилев атындағы университетті бітірген бойда Қазақстандағы ең алпауыт кәсіпорындардың бірі «Қазақмыс» басшысының көмекшісі қызметіне тағайындалыпты. Одан кейінгі жылдары «Бәйтерек» холдингі төрағасының кеңесшісі, сотталып кеткен Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың көмекшісі болып істеген. Қазіргі уақытта ол Нұр-Сұлтан қаласында Есіл ауданы әкімінің орынбасары. Жансұлтанның мұндай лауазымдарға әкенің қолдауынсыз жетуі мүмкін емес.
2012 жылы оның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған құны 300 мың еуро тұратын «Ферарри» көлігімен түскен суреті желі қолданушылар арасында қызу талқыланған болатын.
Абзал Достияров Сапарбаевтың іскерлігіне күмәнмен қарайды. Тек өтірік айту, өзін-өзі жарнамалау деп санайды. Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына әкім болды. Осы облысқа қарасты Зайсан қаласында газ шығарылып, Қытайға экспортталады. Алайда Зайсанның халқы әлі күнге көмір жағады. Бұл Сапарбаевтың халыққа жаны ашымайтынын байқатыпты. Бердібек Машбекұлы Ақтөбе облысына әкім болған жылдары Ақтөбедегі каналды қаланың ортасымен өткізіп, жан-жағын жайқалтамын деген уәдемен, республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге ақша бөлдірген. Алайда ақыр аяғында 6 миллиард теңге босқа ысырап болған. Су да жоқ, ақша да жоқ. Тіпті А.Достияров Бердібек Сапарбаевтың ел арасында «Бардюрбек» деген лақап аты барын, бұл ат оған бүтін бардюрлерді талқандауды әдетке айналдырғаны үшін берілгенін айтып отыр. Тағы да қайталай кетейік, біз жоғарыдағы мәліметтердің бәрін Жанболат Мамайдың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған видеосынан алып отырмыз. Ал бұған сенуге бола ма?
Алдымен Бердібек Сапарбаевтың бес бірдей өңірге әкім болған жалғыз шенеунік екендігін айта кеткен жөн. Оның зейнет жасына жетсе де аттан түспеуін тек іскерлігімен байланыстыруға болады. Басқаны былай қойғанда Оңтүстік Қазақстан обылысына әкім болған жылдары ол өте көп жұмыстарды атқарды. Жарық мәселесін шешті. Оңтүстіктің қайта өрлеуі Сапарбаевтың кезінен басталды десек артық айтқанымыз емес. Жамбыл облысына әкімі болып барған бір жыл ішінде ол біраз тірліктерді тындырды. Жыл қорытындысы бойынша Жамбыл республикада алдыңғы орындардан көрінді. Сондықтан Сапарбаев туралы біржақты пікір айтуға болмайтындығын мойындау керек. Ал Жанболат Мамайдікі ащы шындық пе әлде ұпай жинау ма? Оны мәртебелі оқырманның өзі бағалай жатар.
Дереккөз: "Рейтинг" газеті