$ 445.66  474.58  4.78

«Ресейге салынған санкцияның бір ұшы Қазақстанға тиюі мүмкін» – сарапшылар

Байден әкімшлігі мен Батыс елдері бірігіп, Ресейге айтып отырған санкцияларды енгізсе, Қазақстан да «таяқ жеуі» мүмкін.
фото: dw.com
фото: dw.com

Ғұмырының елу жылын АҚШ-тың саяси өміріне арнаған демократ Джо Байден президент тағына ресми түрде жайғасты. Жасы сексенге таяған саясаткер Ұлықтау рәсімінде ант беріп, ресми түрде елдің 46-шы президенті атанды.

Байден жұмысқа кірісе салысымен Дональд Трамптың бірқатар шешімінің күшін жойғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Джо Байден ДДСҰ мүшелігіне қайта кіру, ғаламдық жылынумен күрес жөнінідегі келісімдерді қалпына келтіру, мұсылмандардың еркіндігі және Мексикамен қарым-қанынасты жақсарту туралы келісімдерді қайта жаңғырту туралы жарлықтарға қол қойды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жаңа президент өзінің сыртқы саясатына қатысты ашық мәлімдемесін кейінге қалдырды. Ол керісінше, елдің ішкі тұрақтылығы мен пандемияға байланысты шараларды күшейтетінін мәлімдеді. Айта кету керек, АҚШ бір жылда коронавирустан 400 мың адам жоғалтты.

Azattyq Rýhy тілшісі Ақ үйдің жаңа әкімшілігі Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты сыртқы саясатында қандай өзгерістер болуы мүмкін деген сауалды сарапшыларға қойып көрді. Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Санат Көшкінбаев Джо Байден қызметтік сабақтастықты жалғастырады деп есептейді. Бұл АҚШ билігі үшін қалыптасқан дәстүр. Елдегі екі партияның қайсысы билікке келсе де, сыртқы саясаттағы стратегияны қатты өзгерте қоймайды.

«Жалпы АҚШ сыртқы саясатта бұрынғы сабақтастықты жалғастырады. Тіпті басқа әкімшілік келсе де, мысалы республикалықтар орнына демократтар келіп жатса да, негізгі бағыт сақталады. Мүмкін дипломатиялық өкілдер өзгеруі мүмкін, бірақ тактика қалады. Байден кезінде адам құқығын қорғау саласы, демократиялық құндылықтар алдыңғы орынға шығады. Мұны Трамп әкімшлігі де назардан тыс қалдырған жоқ. Пампеоның Орталық Азия елдеріне жасаған сапары барысында да бұл бағыттар күн тәртібінде болды. Бірақ Джо Байден кезінде демократиялық саясатқа тереңірек үңілетіні рас», - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Джо Байден әкімшлігі өзінің геосаяси қарсыласы Ресей екенін айқындап алған. Бұл Трамптың кезінде де болды, бірақ Трамп Қытай билігіне көбірек қысым көрсетумен айналысқаны есте. Ресейге айтарлықтай шүйліккен жоқ. Қазіргі жаңа билік Ресейге тізесін барынша батыра түсетіні түсінікті болып отыр дейді Көшкінбаев. Ал Орталық Азияға қатысты АҚШ тарапынан радикалдық өзгерістер байқала қоймайды. Барак Обаманың кезінде «5+1 форматы» дайындалған болатын. Бұл – «Орталық Азия елдері + АҚШ» стратегиясы. Байден бұл форматқа айтарлықтай өзеріс енгізбеуі тиіс. Ол Трамп кезінде де өзгере қоймады.

«Джо Байден төрт бағыт бойынша сыртқы саясатқа назар аударады. Олар Ресей, Қытай, Ауғанстан және Иран. Ал, Орталық Азия стратегиялық бағыт ретінде жаңаша бір форматқа бейімделеді деп айта алмаймын. Себебі олардың ішкі проблемалары мен кейбір сыртқы серіктестері арасындағы текетірестері де жетікілікті. АҚШ біздің аймақты геополитикалық саясаты үшін тыл санайтыны рас. Бірақ оған қатысты түбегейлі өзгеріс жасайтын себеп жоқ», - дейді сарапшы.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныймен байланысты жағдайға, Капитолиді жаулап алғандардың ісіне қатысты Джо Байденнің өз жоспары бар екені анық. Дегенмен, ол Ресеймен жағдайды түзету үшін бірінші болып қадам жасамайды дейді сарапшы. Өйткені АҚШ билігінің ішінде және халық арасында Трампқа Путиннің ықпалы көп болғаны туралы әңгіме бұрыннан айтылып жүр.

«Байден Украинадағы АҚШ саясатын жалғастырады, Белоруссия факторы бойынша Лукашенконы Президент деп мойындамайтыны белгілі. Ең маңызды фактор - Навальный. Бұл текетірес былтырдан бері күшейе түсті, саясаткердің ұсталуына байланысты Ресейді жаңа экономикалық санкциялармен үркітіп отыр. Ресми Мәскеу де қазір бір күту позициясына көшті. Оппозиционер Навальныйды 30 тәулікке қамап қоюы да осыны білдіреді. Қазір бұл тұрғыдан «қызу сауда» жүріп жатыр. Батыстық әріптестері не дер екен, қандай қадам жасайды, Навальныйдың да тағдыры соған байланысты шешілетін болады.

АҚШ Президенті Мәскеудегі елшіні ауыстырмайтынын мәлімдеді. Бұл маңызды орынға дипломатты Трамп тағайындаған болатын. Биыл оның орнында қалатыны белгілі болды. Байден командасында Ресей және социалистік блоктан шыққан елдердің жағдайын жақсы білетін мамандар көп. Олар да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, Ресейге негізгі қауіп көзі ретінде қарауды жалғастырады. Екі тарап та жағдайды оңалтып, қырғи қабақ көзқарасты тоқтату үшін түпкілікті қадамдар жасай қоймайтыны анық», - дейді Көшкінбаев.

Қазақстандық белгілі саясаттанушы Дос Көшім соңғы он жылда АҚШ Орталық Азияға және Қазақстанға белгілі бір стратегиялық көзқарасын күшейткен емес дейді. Тоқсаныншы жылдардың басымен салыстырғанда позициясы әлсіреген. Енді демократтардан аймақтағы адам құқығын қорғауға, қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыруға грант бөлуін күтеміз дейді ол. Ал, республикалықтар билікте кезінде азаматтық қоғамды қаржыландыру мейілінше қысқарып қалған.

«Демократтар адам құқығын сақтауға қатысты позициясын күшейтеді, осы салаға көп назар аударатын болады. Егер Байден әкімшлігі мен Батыс елдері бірігіп, Ресейге айтып отырған санкцияларды енгізсе, Қазақстан да «таяқ жеуі» мүмкін. Жалпы, Америка сыртқы саясатында көп өзгеріс бола қоймайтынымен ерекшеленеді. АҚШ 20-30 жылдық стратегиялық сыртқы саясатты ұстанады. КСРО құрамында болған елдерге, социалистік лагерге қатысты үлкен саясаты бар. Сосын Балқан түбегіне де өз үстемдігін енгізді. Грузия мен Украинаны да өзіне қаратты. Мүмкін енді Кавказ бен Орталық Азияға қатысты да жаңа саясаты болуы мүмкін. Бірақ дәл қазір коронавирус кезінде ондай мәселелерді кейінге шегеретіні рас. Себебі АҚШ-тың ішкі жағдайы мәз емес», - дейді Дос Көшім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары