Белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай әлеуметтік желі бетінде өзіне қарсы ақпараттық шабуыл басталып, неше түрлі қауесеттердің тарап жатқанын айтып жазба қалдырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қоғам белсендісінің айтуынша, белгісіз біреулер оның жұрт арасындағы беделін түсіріп, күйе жағуға тырысып жатыр.
«Достар,
желілерде мен туралы даурықпа әңгімелер жүр. Менің қандай жаман, өтірікші, нашар адам екендігім турасындағы материалдар таратылуда. Қысқасы, сырты бүтін, іші түтін адам болып шықтым.
Мұның бәрін ақшаға сатылатын белсенділер, блогерлер және боттары арқылы биліктегі белгілі бір адамдардың жасап отырған ісі екенін түсінемін. Осы істе әсіресе әбден ұсақталған, жақсылықты түсінбейтін, ешнәрсені “жайдан жай” жасамайтын ақшаға сатылғыш біреуі айрықша ынтасымен ерекшеленіп отыр.
Оларға өз месседжімді жеткізгім келеді. Мен саясаткер емеспін, сіздер сияқты ешқайда сайлауға түсейін деп жатқаным жоқ. Ешкімнің алдында ақталмаймын. Сондықтан сіздердің менің беделімді түсіру мақсатында жасап жатқан тірліктеріңіз маған еш әсер етпейді.
Егер менің жазылмандарымнан кімде-кім осындай былапытқа еретін болса, мұндай оңбағанды оқудан бас тартсаңыз болады.
Баршаңызға ұзақ, әрі бақытты ғұмыр тілеймін!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.