Шымкент қаласындағы көрікті жерлердің бірі – ипподром аумағын саудаға салып, орнына үй салуға қарсылық білдіріп жатқан қоғам белсенділерінің бірі әрі белгілі заңгер Айгүл Орынбек өзінің әкімдік тарапынан қысымға ұшырай бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің айтуынша, өзіне «митинг ұйымдастырды» деген жала жабылып отыр.
«Митинг ұйымдастырып жатырсыз» деп жала жабу басталды!
Өз ойын ашық жеткізген белсенділерді осылай қудалай бере ме?
Сонда бізге өз ойымызды ашық айтуға болмай ма?
Президент айтқан Азаматтық қоғам құру, Халық үніне құлақ асушы мемлекет боламыз дегеніміз қайда?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Айгүл ханымның айтуынша, соңғы кездері өзіне қатысты «біреулерден заказ алады, солардың тапсырмасымен жүреді» деген секілді сыбыстар шыға бастағанын байқаған. Алайда, басында онша мән бермеген. Мұның жай сыбыс емес екенін полиция келіп жауап алғанда бірақ түсінген.
«Өз азаматтық ой-пікірімді айтқан едім, «ойбай, Айгүл Орынбек заказ алған, біреудің тапсырмасымен жүр» деп біраз әкімнің жағымпаздары өсек аян таратқан.
Ондай нас, құйтұрқы іс әрекеттерден таза жүрген соң, олардың деңгейіне түскім келмей, аса мән бермеген едім!
Енді бүгін «BI groupқа қатысты митинг ұйымдастырып жатырсың, біреулер айтты» деп учаскілік полиция испекторы келіп жала жауып тұр! Оған өздеріңіз де куә болдыңыздар!
Ертең не күтейін, Әйтенов?
Тағы не ұйымдастырасың?
Енді «киллер» жалдайсың ба?
ҚР азаматы ретінде өз ойымызды ашық айтуға құқылымыз!
Әр үнін шығарған азаматты осылай қудалай бересіңдер ме?
Құлақ асушы, тыңдаушы мемлекет екеніміз жайында қалды ма?
Мен Мемлекетке қарсы емеспін қайталап айтайын!
Азаматтық көзі ашық қоғамның бейбіт жолмен құрылғанын қалаймын!
Оқи отырыңыздар: «Әйтенов Шымкенттің быт-шытын шығарып жатыр» - Айгүл Орынбек
Ипподром жеріне саябақ салынып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілсін дегенім үшін қудаланып жатырмын!», - деп жазған жазба авторы.