Алматы облыстық Білім басқармасының басшысы ұсталды. Бұл туралы «Время» басылымы хабарлайды, деп жазады Аzattyq-ruhy.kz порталы.
Басылымда жарияланғандай, прокурорлар комитет мүшелерімен бірге Алматы облысы білім басқармасының бастығы Майгүл Омарованы қамауға алған. Одан бөлек басқармаға қарасты ақпараттық технологиялар аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Арапби Меңлібаев пен бөлім бастығы Бақыт Абдолданованы да ұстаған. Басқарма басшыларына пандемия кезінде сатып алған техникалар арқылы пайда көрді деген айып тағылған. Тергеу изоляторындағы үшінші адам Бақыт Абдолданова облыстық білім басқармасына қарасты күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы лауазымын атқарған.
Тергеушілердің айтуынша, аталған үшеу пандемия жағдайында мектеп оқушылары үшін қашықтан оқытуға қажетті 2522 ноутбукты мемлекеттік сатып алу кезінде пайда көрген. Жалпы сомасы 406 млн теңгеге бірнеше жеке кәсіпкермен келісім жасаған.
Омарова, Меңлібаев және Абдолданова жеке-жеке тергеу абақтысына қамалған. Олардан 37 650 000 теңге тәркіленген. Бұл қаражатты басқарма басшылары тендер ұтқан компаниялардан сыйақы ретінде алған.
Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.