03.02.2021, 17:20

«Мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтайтын уақыт жетті» - депутат

Фото: tengrinews.kz, hcbarys.kz
Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ ұлты 78%-ға жетіп қалды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік тіл мәртебесін анықтауды талап етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Депутат өзінің депутаттық сауалында мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтайтын уақыт жеткенін атап өткен. 

"Құрметті Асқар Ұзақбайұлы

Қазақстан Президенті болып сайланғанда «Ең бастысы – Қазақ тілі» деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Халқына жасаған алғашқы жолдауында: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп, атап көрсеткені, еліміздің үмітін оятты. Ал 2018 жылы Елбасы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында: «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деп, нақты тапсырма берді. Ал жаңа ғана біз үкімет мүшесі, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің депутаттар сұрағына мемлекеттік тілді аттап өтіп, қай тілде жауап бергеніне куә болдық…

2012 жылы «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясы құрылғаннан кейін, ең алғашқы дайындағаны да дәл осы «Мемлекеттік тілді қолдану саласын кеңейту туралы» заң жобасы еді. Бірақ, Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясы бұл заң жобасын қолдамай, өткізбеді.

Ал бүгінде Елбасы да, Мемлекет басшысы да тапсырған мемлекеттік тілдің өз атына сай болу талабын кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені қазіргі кезде 1989 жылғы қазақтың саны 39 % кезінде қабылданған алғашқы Тілдер туралы заңнан бері демографиялық өсіміміз екі есеге өсті, қоғам да мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуын талап етуде, уақыты да келді.

Баршаңызға белгілі, бүгінде мектеп қабырғасындағы оқушылардың 80 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алуда, яғни біздің болашағымыз, 21 ғасырдағы өміріміз де осы қазақ тілімен, Мемлекеттік тілмен тығыз байланысты.

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін «Ақ жол» партиясы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында да көтерді. 2020 жылы 28 желтоқсанда Ұлттық Кенес мүшелерімен кездескенде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл ұсынысымыздың өндіріске алынып, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай толыққанды Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жіберілгенін мәлімдеді. Яғни, ол заң тұжырымдамасы Үкіметте жатыр қозғаусыз.

Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ ұлты 78%-ға жетіп қалды. Ресми мәліметтер бойынша қазақ халқы мен қазақша түсінетіндерді қосқанда. жалпы саны – 88,7 пайыз болып тұр. Ал сол халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі тұрғындардың сапалы қызмет алу құқығын аяқ асты етіп отыр. Тәуелсіз Қазақ Елін аңсап келген миллионнан астам қандастарымыз және ауылдық  миллиондаған қаракөздеріміз қанша жылдан бері жапа шегумен келеді. Халықпен етене араласып жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің, әсіресе жоғары шенділердің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауы халық пен билік арасындағы алшақтықты көрсетуде. Мысалы, тек қазақша сөйлейтін қандастарымыз мемлекеттік органдар мен қызмет көрсету мекемелеріне барғанда, мемлекеттік тілде қызмет ала алмағаны баспасөзде талай жазылды.

30 жылдан бері әлі күнге мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге, бар болғаны 100 мыңға жуық адамға қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Сыртқы істер саласының мамандарынан шет тілін білуді қалай талап етсе, немесе көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет бұл.

Қазір мемлекеттік тілді еркін меңгеру туралы талап тек Президентке үміткерлерге ғана қойылған. Сонда 14 миллиондай  (78%)  мемлекет негізін құраушы қазақ  ұлты 100 мыңдай ғана (0,5%) мемлекеттік қызметшіден (оның 90% астамы қазақ ұлтының өкілі!) қызметті не ақпаратты мемлекеттік тілде ала алмауы нағыз парадокс! Сонда жарты пайыз мемекеттік қызметшілер 78 пайыз халыққа заңсыз үстемдік жасап келеді. 

Мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтайтын уақыт жетті! Себебі, Тілдер туралы алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы  Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған кезі еді. Бұл кезде қазақтар елімізде ең көп ұлт болғанның өзінде 39 пайыз болатын.   Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Кейін де, 1997 жылғы  «ҚР Тіл туралы заңымыз» да осы ескі сүрлеумен, Кеңес империясы  кезіндегі талаппен кетті..

 Ал қазір Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырғанда мемлекеттік тіл туралы  өз статусын толыққанды атқара алмаған заңымыз демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр…

Суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей, оны үйрену де сондай мүмкін емес! Ал ешбір заңда не бағдарламаларда, мемлекеттік органдарда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы норма (!) жоқ. Сондықтан да, биыл 5 қаңтарда ҚР Президенті Қ.Тоқаев  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті»- деп нақты  атап көрсетіп берді.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, мемлекет басшысы атап өткендей, қазақ тілі шынайы ұлтаралық қатынас тіліне айналып, елдің әр азаматы білуі міндетті мемлекеттік тіл болуы үшін  келесі нақты шараларды қабылдауды

ҰСЫНАМЫЗ:

1) Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің  міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;

2) Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу, оның қажетті механизмдерін  жасау;

3) Заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, ақпараттары мен есептерін, іс қағаздарын және т.б. ресімдеудің негізгі нұсқасы – тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс.

4) Кез келген тілдін дамуының кепілдігі – оның экономикалық және қаржылық салада қажеттілігі. Сол себептен мемлекеттік тілді ең алдымен экономикада да қолдануды күшейтуіміз қажет. Мысалы, Норвегияда «Мұнай туралы» Заңның 6 және 37-баптарында: «Мұнайға қатысты қызметте мүмкіндігінше норвег тілі басым болуға тиіс. Басқа тілдер қажетті немесе ақылға қонымды болған жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін»-деп жазылған.

Бізге де мемлекеттік тілдің қолдануды саласын кеңейту, сондай-ақ кадрларда қазақстандық қамтуды ұлғайту мақсатында әлеуетті инвесторларға, шетелдік компанияларды қоса алғанда, инвестициялық преференцияларды бергенде, жер қойнауын пайдалануға құқық алуға келісім-шарттарда конституциялық нормаларға сәйкес мемлекеттік тілді міндетті түрде пайдалану талабын белгілеу керек", -  делінген депутатың сауалында.