Елімізде жаппай салынып жатқан коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник-V» вакцинасы мемлекеттік тіркеуден өтпеген болып шықты. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде «Спутник-V» вакцинасының ел аумағында ресми түрде тіркеуден өтпегені туралы материал жарық көрді. Сонымен қатар дерек көзі ретінде Денсаулық сақтау вице-министрі әрі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың өз сөзін келтірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қиясовтың айтуынша, тіркеу мәселесі әлі қарастырылып жатыр.
Бұл жағдай әрине, жұртшылықтың алаңдаушылығын тудырып жатыр. Сол секілді әлі тіркеуге алынбаған преператты тықпалап, халықты күштеп инеге отырғызып жатқандарды жаза тарту керек деп жатқандар да баршылық.
Мәселен, белгілі заңгер Камиша Есмұхамбетқызы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қызметтен кетуі тиіс екенін айтқан.
«Денсаулық сақтау министрі Цой Алексей Владимеровичтың қызметін босатуды талап етемін!!!
Мұндай сорақылық тек біздің елде ғана бар шығар? Бұл вакцина Қазақстан елінде тіркелмеген болса, қандай негіздемеге сүйеніп, жаппай адамдарға салынып жатыр? Бәсе, «Денсаулық сақтау министрінің ісі шала» деген сөзім анық дәлелін тапқандай. Біз не үшін сынама лабораториясының тұжырымына сеніп отыру керекпіз, олар не лицензиялы эксперт пе? Неге адамдар профосмотрдан өтпей жатып екпе алады? Сонда адам тағдыры ойыншық болғаны ма?
Басе, министрдің өзі бұл екпені алмай, қол астындағы басшыларды пайдаланғанын енді түсінгендеймін. Журналистер көзімізді ашпаса құжаты тіркелмеген вакцинаны алып, басымызды изеп отыра береді екенбіз ғой. Не қазақша білмейді, не дұрыс түсіндірмейді, не екпені өзі бірінші алмайтын министрдің қажеті не? Үкімет бұл мәселені қадағаламай, не істеп отыр? Адамдардың денсаулығына атүсті қарайтын министрдің түкке қажеті жоқ. Босатсын орнын!
Оқи отырыңыз: «Ковидтен 100 пайыз айыға ма?»: белгілі заңгер Цойдан QazCovid вакцинасының зерттеу қорытындыларын көрсетуді талап етті
Президентіміз жақсы болсын дейді, ал қол астындағы министрлер ойына келгенін істейтін сияқты. Вакцина адам өміріне ауадай қажет, алайда құжаттары тіркелмеген вакцина заңсыз болып есептеледі. Бұл контрабандалық жолмен әкелінбесе нақ Қазақстанда тіркелуге тиіс. Цой алдынғы министрдің қателігін қайталап отырғандай сезіледі. Оданша аш құлаққа тыныш құлақ қызметінен кетсін, халықты ойлайтын адам орнына тағайындау қажет деп есептеймін», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.