Осыдан шамалы бұрын Шымкент қаласының спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы бары анықталды деген хабар шыққан болатын. Артынша бұл деректі Шымкент полициясы растаған еді. Бүгін Олег Почиваловтың Қазақстан республикасының азаматтығынан айырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шымкент полиция өкілдерінің мәліметінше, спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов Қазақстаннан басқа екінші азаматтық алуға тыйым салатын заңды бұзған. Сол үшін шенеунік Қазақстан азаматтығынан айырылды.
"Шымкент қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан Республикасының азаматы Олег Владимирович Почиваловтың қос азаматтығы барын анықтады. Азаматтық туралы заңның 21-бабына сәйкес, көші-қон қызметі басқармасы Олег Владимирович Почиваловтың Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту дерегін тіркеді", - деп хабарлады Шымкент қаласы ПД азаматтық және иммиграция бөлімінің басшысы Гүлжан Нысанбаева.
Айта кетерлігі, бұған дейін қала әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарған еді.