10.02.2021, 17:00

Көлгіновтің қойылымы. Әкімге сұрақ қойған шетелдік жалдамалы актер болып шықты (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот
Бұл туралы Qumash тelegram-каналында жарияланды.

Бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің халық алдына шығып есеп беруі кезінде шаһар басшысына сұрақ қойған шетел азаматы жалдамалы актер болып шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұл туралы Qumash тelegram-каналында жарияланды. Аталмыш дерек көзінің жазуынша, өзін Диего Амадо деп таныстырып, Алтай Көлгіновке кептеліс мәселесін шешу бойынша ұсыныс жасаған испаниялық азаматтың іс жүзінде ақшасын төлесең болды, кез келген рөлді сомдай беретін өнері бары анықталған. Бұған дәлел ретінде Диего Амадоның KazakhTV арнасы түсірген роликтердің бірінде бармен рөлін ойнаған видеожазбасын келтіріпті. 

Тағы бір роликте Диегоның өзін бизнесмен ретінде таныстырып, қазақ және орыс тілдерінде еркін көсіліп отырғаны байқалады.  

Айта кетсек, есеп беру барысында Диего Амадо өзінің келгенін және 4 жылдан бері елордада тұратынын айтып, әкімге арнайы ұсыныс жасаған болатын.

«Мен төрт жылдан бері Нұр-Сұлтанда тұрамын. Мен өзім келген қаламнан көрген тәжірибемді бөліскім келеді. Мадридте демалыс күндері немесе мереке күндері адамдар көлікті қолданбауы үшін, кептеліс болмауы үшін көшелер жабылады. Сонда адамдар жаяу, велосипедпен серуендей алады және бұл қаланың экологиялық жағдайын жақсарта алады. Менде осындай ұсыныс бар, қалай қарайсыз?» - деген Диего Амадо әкімге.

Ал әкім Көлгінов оған «бізде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы жоба бар. «Нұр-Сұлтан - жайлы қала» деп аталады. Онда негізгі үш бағыт бар. Жаяу жүргіншілер үшін айтып отырған ұсынысыңызға рақмет. Сізді біздің жобаларымызға қатысуға және біздің командада болуға шақырамын», - деп ағылшын тілінде жауап берген болатын.

Бұл диалогқа расын айту керек, басында қала тұрғындары сүйсініп қалған еді. «Заманауи әкім», «жас буын өкілі», «нағыз басшы осылай болу керек» деген секілді пікірлер жазып жатқан еді. 

Аталмыш телеграм-каналының мына жаңалығынан кейін жұрт не айтарын білмей дағдарып қалғанға ұқсайды. 

Айтпақшы, meganews.kz Instagram-парақшасының қолданушылары  да бұл мәселеге назар аударып, әкімнің сөйлеу деңгейіне жоғары баға берген. Сонымен қатар, «бұл қала басшысының беделін көтеру үшін арнайы дайындалған дүние» деп күдік білдіргендер де болған. 

«Диего тіл жаттықтырушысы ма еді? Өте жақсы тәжірибе»,« Жаман қадам емес еді, бірақ оның жоспарлы болып шыққаны өте өкінішті», «Кезекті бір хайп, арзан қойылым», - деп пікір білдіргендер болыпты.