$ 449.58  486.94  4.86

Асқар Мәминнің Түркі кеңесінің туын дәріптеп жүргені рас па?

Бұл бірінші кезекте тұтас түркі өркениетіне (басқаларға да) берілген белгі. Үндеу. Аса маңызды мәні бар саяси символ.
Фото: dalanews.kz
Фото: dalanews.kz

Осыдан бірер күн бұрын Астана төрінде Үкімет басшысы Асқар Мәмин мен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) басшысы Бағдат Әміреевтің кездесуі өткен болатын. Бір қызығы, күнделікті жаңалықтардың бірі ретінде көрсетілген бұл кездесу сонау Түркия елінде үлкен резонанс тудырып жатқанға ұқсайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарттық порталы.

Расы керек, қазақ қоғамы мұндай кездесудің болғанын Түркі кеңесінің басшысы Бағдат Әміреев өзінің Facebook парақшасында жариялаған жазбасынан ғана естіп білді. Бұл жазбасында ол «Асқар Маминмен бірге түркі әлеміндегі болып жатқан саяси, экономикалық және қоғамдық оқиғалар төңірегінде және Түркі Кеңесі аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері туралы пікір алмастық. Сонымен қатар біз жақында Түркістан қаласында өтетін Түркі кеңесі мемлекет басшыларының саммитіне дайындық барысын, бұл жоғары деңгейдегі жиынның күн тәртібі және де осы маңызды оқиғаға байланысты бірқатар мәселелерді талқылады», - деп атап өткен. 

Мемлекеттік басылымдар бұл жазбаны бірінен соң бірі көшіріп басып, жаңалық ретінде көрсетумен ғана шектелген. 

Есесіне, сонау Анадолы елінде күллі түркия халқының қызығушылығын тудырған тақырыпқа айналып шыға келіпті. Нақты айтар болсақ, Түрік басылымдары бұл кездесуден саяси астар, үлкен идеология тауып жатқанға ұқсайды. 

dalanews.kz сайтының жазуынша, ұсақ-түйек дүниелердің өзін назарынан тыс қалдырмайтын Түрік журналистері кездесу барысындағы Мәмин мен Әміреевтің артында тұрған рәміздерге яғни көк байрағымызбен қатар тұрған Түркі кеңесінің туына ерекше көңіл аударған.

“Мұндай деңгейдегі ресми рәсімде Түркі кеңесінің туы алғаш рет премьердің желке тұсында Қазақстанның байрағымен қатар тұрды. Жүрек толқытқан осы сәт кейбіреудің назарынан қалыс қалғанмен біздің жадымыздан өше қойған жоқ. Бұл бірінші кезекте тұтас түркі өркениетіне (басқаларға да) берілген белгі. Үндеу. Аса маңызды мәні бар саяси символ” – деп жазған Türkiye газеті.

"Бұл жай деталь емес, аса маңызды, бауырластықтың бойтұмары, тұтастық темірқазығы болуға лайықты ерекше деталь. Ту! Түркі кеңесінің туы.

Басылымның бұлай деуі тегін емес. Рас, бұған қатысты Үкіметбасы Мәминнің қандай пікірде екенін мына бізге беймәлім. Қос тудың қатар тұруын премьердің өзі құптаған болар, бәлкім одан жоғары деңгейде пәрмен берілген.

Қалай болған күнде бұл жәйтқа түрулі іргеден тас атып отырған теріскейдегі одақтасымыз бей-жай қарамасы анық.

Алдағы күндері Қазақстанды айыптаған, қаралаған пропаганданың жаңа порциясын төбемізден төге салуы ғажап емес. Кремль идеологтары бұл тудың шығу тарихын қазірден-ақ қотара, қопара зерттеуге көшсе таңғалмаймыз.

Иә, түрік басылымның түнеукүнгі рәсімге айрықша көңіл бөлгені, Қазақстанның ресми жалауымен қатар тұрған Түркі кеңесінің туына арнайы тоқталғаны тегін емес", – деп атап өткен аталмыш дерек көзі. 

Расын айту керек, бұл жаңалықты қазақ оқырмандары керісінше қабылдаған секілді.

Көбі Мәминнің бұл отырысынан саяси астар іздеудің қажеті жоғын айтқан. "Мәмин байқамай қалған шығар", "Біздің мемлекеттің туымен түстес екен, шатастырып алып шықпады ма екен?", "Түркі әлемінің бірдеңелерін сатып жібермесін деп тілейікші!" деп пікір білдіргендер болыпты. 

Ал Бауыржан Сегізбаев есімді қолданушы бұл мәселеге байланысты Ресей ақпарат құралдары арасында шу болуы мүмкін екенін айтып, "Ресейлі БАҚ-тан бұрын, Асекеңнің өзі үн қататын шығар бұл мәселеге байланысты есеп беріп" деп  жазба қалдырыпты.

Айтпақшы, бұл пікірге қолдау білдіргендер де болыпты. Nurbol Dautbaev есімді бір азамат "Бауыржан інім, дұрыс айтады. Орекеңдер айтпақшы, "Желаемое принять за действительное не стоийт..." деп. Осы елдің көзі ашық азаматы ретінде жеке пікіріме келсек, ешуақытта бұл кісіден ондай ұлтжандылық пен ерлікке пара-пар сөз шықпайды. Мен бұл кісінің тұсында КТЖда 13 жыл қызмет еттім. Сол кезде КТЖ-ның логистикалық қанатын орекеңдерге қалай сатып жібергенін білеміз. Ең сорақысы бұл кісі қазақ тіліне немқұрайды қарайтын ұрпақтың нән дөкейі десе, нағыз мінездеме болар еді" деп жазба қалдырған. 

Сонымен қатар, мұны үлкен оқиғаға теңегендер болғанын айта кету керек. "Маминді "Халық қаһарманы" жəне "Ерлігі үшін" орденімен марапаттау керек. Осы ұсынысқа қол жинап, жоғарыға жіберейік. Талап қояйық. Болмаса митингіге шығуға дайынбыз!" деп жазған біреуі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары