Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы, «ЕЛ мен Жер» қозғалысының бастамашыл тобының мүшесі әрі қоғам белсендісі Талғат Қатауов өзінің facebook парақшасында ұлт мәселесіне қатысты тағы бір маңызды мәселе көтерді. Оның айтуынша, ұзақ жылдар бойы салтанат құрып келген "көпұлтты мемлекет" деген ұғымнан бас тартатын уақыт келді. Онсыз қазақ тілі мен дәсүрін дәріпеу мүмкін емес.
"Осы кезге дейін биліктің "көпұлтты мемлекетпіз" деп жүргізген жалған саясаты елімізге абырой әпермеді. Яғни, жалған саясат мемлекетті құрушы - ҚАЗАҚ ұлтының беделін түсіріп, ана тіліміздің мәселесін жетім бала күйіне жеткізді.
Қазақ тілін білген адам ғана ұлттың жандүниесін түсініп, болмысын ұғады.
Алайда, этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренбек түгілі, қазақты әбден басынып, өзі әзер жүрген ақсақалымызды ұрды. Ұлттық киімімізді (сәукелемізді) жартылай жалаңаш киіп мазақ етті. Ұлттық аспабымыз - киелі домбыраны сындырып т.б. қорлап, ұлттық намысымызға тиіп, әбден басынды.
Еш пайдасы жоқ қолдан құрған, әшейінде "татулық" дейтін Ассамблея мұның бәрін білседе, көрмегендей отырады, үн қатпайды. Мұның арты 2015 жылғы Сарыағаштағы және 2019 жылы Қарағандыдағы, 2020 жылғы Қордайдағы үлкен қақтығыстарға апарды.
Мемлекетті құрушы ұлттың өзіндік алар орнының бар екендігін жас ұрпаққа жеткізе айтудан ешуақытта ұтылмаймыз", - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Сонымен қатар ол осындай жалған саясаттың арты қазақты елімізде тұрып жатқан көпұлттардың бірі деген түсінікке алып келген.
"Қазақстан Республикасында бір ғана ҚАЗАҚ ұлты бар.
Сондықтан қазақты көпұлттардың бірі деп ешуақытта санауға, қарауға болмайды.
Қазақ халқы өзінің атамекенінде ел болып ұйып отырған және оның аты мемлекетке берілген мемлекетті құраушы, ұйыстырушы ұлт.
Қалғандары қазақ ұлты айналасына топтасқан этникалық қауымдастық-диаспорлар. Себебі, жер үшін болған қалмақ-жоңғар шапқыншылығында және отаршылдыққа қарсы үш ғасыр бойы патшалық Ресейге қарсы 400-ден астам ұлт-азаттық көтерілістеріне қазақтан басқа ешкім қатысқан жоқ.
Сондықтан жау жүрек бабаларымыздың мирас етіп қалдырған кең-байтақ Жерінде, өз Тілімен өз Мемлекеттілігін құруға және нығайтуға қазақ халқының толық моральдық, конституциялық құқығы бар.
Қазақстанда бір ғана ұлт және ұлан-байтақ жердің иесі - Қазақ деген халық. Осыны жас ұрпақ санасына құя беру керекпіз. Сонда ғана өзге этнос өкілдері ҚАЗАҚ халқының мемлекет құраушы ұлт екендігін және жердің иесі қазақ екенін ұғынып, тұрып жатқан елін, Отанын өз бейнесінде түсініп, қазақтың ең басты байлығы - жерін, тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихын т.б. құрмет тұтады.
Қазақ Қазақ еліндегі көп этностың бірі емес.
Мемлекетті құрушы, яғни титулдық ұлт − қазақ халқы.
Мемлекеттің алтын тұғыры, мықты діңгегі, үзілмес алтын арқауы, ел ұйтқысы деп айтып, көп жазуға тиістіміз!
Сонда ғана халық "көпұлтты мемлекетпіз" деген психологиядан арылып, елін сүйіп, Мемлекет құраушы ұлт өкілі ретінде сезінеді", - деп жазған жазба авторы.