12.02.2021, 07:23

Азия чемпионы әкімдік берген пәтерінен шығарылып, далада қалды

фото: azattyq-ruhy.kz
Спортшы 2018 жылы кезекті оқу-жаттығу жиынында жүрген кезде баспанасы сатылып кеткен.

Ауыр атлетикадан Азия чемпионы Айдар Қазов әкімдік сыйға тартқан пәтерінен айрылып қалды. Спортшы 2018 жылы кезекті оқу-жаттығу жиынында жүрген кезде баспанасы сатылып кеткен. Содан бері зілтемірші үй мәселесін шеше алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

2015 жылы солтүстікқазақстандық спортшы Айдар Қазов ауыр атлетикадан Тайландта өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль әкелген еді. Спортшы 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен. Зілтемірші қос сайыс қорытындысы бойынша 350 келіні еңсеріп, жұлқа көтеруде 156, серпе көтеруде 194 келіні бағындырған болатын.

Дүбірлі додада Қазақстанның атын әлемге әйгілеген тұлғаны жерлестері бар сән-салтанатымен қарсы алды. 2016 жылы сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Азия чемпионына спорттағы толағай табыстары үшін жаңадан бөй көтеріп келе жатқан «Жас Өркен» шағын ауданындағы «Мечта» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған еді.

Алайда, жаңа баспана иелерінің қуанышы ұзаққа бармады.

«2016 жылы облыс әкімі Ерік Сұлтанов «Казградострой» құрылыс компаниясы салған «Мечта» тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Салтанатты рәсім сол жерде өтті. Пәтерді өз атыма жазып, меншік иесі атану үшін құжаттарды рәсімдеу керек болды. Құрылыс компаниясының директоры Александр Авдеев жылжымайтын мүліктің банкте кепілде тұрғанын, жуық арада оны кепілден шығаратынын, сол кезде пәтерді менің атыма рәсімдеуге болатынын айып сендірді. Осылайша уақыт өтіп жатты. Ал 2018 жылдың шілдесінде маған пәтерді айырбастауға ұсыныс жасады. «Қызылжар» тұрғын үй кешеніне көшсем, ондағы пәтерді бірден менің атыма рәсімдеуге болатынын айтты. Сөзіне сендім. Көштім. Сылақпен ғана тапсырылған үй болатын. Жөндеу жұмыстарын өзім жүргіздім. Авдеев пәтерді рәсімдеуден қашқақтап, түрлі сылтау айта берді. Осылайша мүлікті өз атыма түсіре алмадым», - дейді ауыр атлетикадан Азия чемпионы Айдар Қазов.

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ АЙДАРҒА БЕРІЛГЕН ПӘТЕРДІ САТЫП ЖІБЕРГЕН

Араға бірнеше ай уақыт салып, құрылыс компаниясының директоры Айдарға берілген екінші пәтерді сатып жібергені анықталған. Ол кезде спортшы басқа қалада оқу-жаттығу  жиынында жүрген екен. Құық қорғау органдарының өкілдері спортшының қарындасы Әлфияның қолына 10 күн ішінде үйді босату жөніндегі ескерту хабарламаны ұстатып кеткен.

«Айдарды спортық карьерада қолдайтын ешкім болмады. Өз еңбегі және қабілетінің, тынымсыз жаттығуларының арқасында жетістікке жетті. Әкем біздің кішкентай кезімізде дүние салған. Анамның бақилық болғанына 6 жыл. Бізді жалғыз өсірді. Үш ағайындымыз. Сіңлім ол кезде Алматы қаласында оқып жүрді. Сондықтан мен ағаммен тұрдым. Ол кезекті іссапарда еді. Үйге учаскелік инспектор мен заңгер келді. Олар мүліктің заңды иесі барын, біз 10 күн көлемінде оны босатуға тиіс екеніміз жайлы айтып, ескерту қағазын ұстатып кетті. Мұндай жаңалықты күтпеген едім. Төбемнен жай түскендей болды. Қыстың көзі қырауда қайда баратынымызды білмей абдырап қалдық. Барлық жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырдық. Бізге жылыту маусымы аяқталғанша, мамыр айына дейін тұруға рұқсат берді», - дейді Әлфия Қазова.

«ӘКІМДІК ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫ ЖОҚ ҮЙ ҰСЫНДЫ»

Петропавл қалалық әкімдігі Азия чемпионына Қазақстан Конституциясы көшесіндегі ескі үйлердің бірінен не газ, не электр жарығы жоқ 1 бөлмелі пәтер ұсынады. Оның барлығы коммуналдық қызмет ақысы төленбегендіктен ажыратылған екен.

 

«Көршілердің айтуынша, пәтерде жалғызілікті ер адам тұрыпты. Туған-туыстары болмаған. Ол қайтыс болғаннан кейін мүлік әкімдік меншігіне өткен. Пәтерде әкімдік қызметкері тұрыпты. Қарыздарын өтемеген. Сондықтан коммуналдық компаниялар белшесінен қарызға батқан тұрғынға қызмет көрсетуді тоқтатқан. Олар да тегін жұмыс істемейді. Біз ол қарыздардың бір бөлігін жаптық. Әкімдік мамандары ақшаны қайтаруға уәде беріп, сөзінде тұрмады. Қазір де пәтердің коммуналдық қызмет үшін берешегі көп», - дейді Әлфия.

Қазір пәтер бос тұр. Айдар одан мүлде бас тартпақ. Себебі спортшы мүлікті жекешелендіре алмайды. Ол осы уақытқа дейін бұл мәселе жайында ешкімге шағымданбаған.

АЙДАР СПОРТПЕН ҚОШ АЙТЫСПАҚ

Айдарға пәтер қалай берілді? Құрылыс компаниясының директоры мүлікті қандай жолмен сатып жіберген? Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековке жолдаған сауалдарымыз жауапсыз қалды. Баспасөз қызметінің «ресми сұрау жіберіңдер» деген талабын орындадық. Енді жауап күтеміз.

«Мәселе туындаған кезде Қала әкімі Жұмабеков өзі хабарласып, күте тұруымды, мәселе оң шешімін табатынын айтып сендірді. Қанша уақыт өтсе де, ештеңе өзгерген жоқ. Қайтсек те еліміздің даңқын арттырып, мерейін үстем етеміз деп еңбек етіп жүрміз. Алайда «ерім» дейтін ел жоқ. Осының барлығынан жүйкем шаршап кетті. Қазір кәсіби спорттан кету жағын ойлап жүрмін», - дейді спортшы.

Шенеуніктердің осындай әрекеті үшін Азия чемпионының үлкен спорттан кететіні өкінішті. Айдарды түсінуге болады – барлығы қу тірліктің қамы. Әкімдердің халық алдында көзбояушылықпен беріп, кейін тартып алған пәтері мен құрғақ уәдесі спортшының отбасын асырамасы хақ.