Қазақстанның тұңғыш президентінің жары Сара Назарбаева 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.
Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын "экономист" мамандығы бойынша бітірген.
1962 жылы 25 тамызда Тәуелсіз Қазақстанның болашақ тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты.
Сара Назарбаева – 1992 жылдың ақпанынан бастап "Бөбек" халықаралық балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті.
1994 жылдың шілдесінен "SOS – Қазақстанның балалар ауылы" қорының президенті, 1999 жылдың наурызынан "Демография" қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы.
"SOS – Қазақстанның балалар ауылы" жобасы – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеудің отбасылық моделі. Қазір мұндай ауылдар еліміздің төрт өңірінде жұмыс істейді.
"Сара Алпысқызы "SOS – Қазақстанның балалар ауылын" үнемі қолдап отырады, сыйлықтар жібереді, балалармен сөйлеседі. Карантин кезінде Сара Алпысқызы балалардың қажеттілігіне бірінші болып үн қосты", – деп атап өтті "SOS – Қазақстанның балалар ауылы" корпоративтік қорының директоры Гүлжан Асанова Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институты конференциясында.
Сара Назарбаеваның қолдауының арқасында балалар ауылында дәрі-дәрмектер, дезинфекция құралдары жеткілікті болды, деп атап өтті ол. Отбасылы үйлерге қосымша ноутбуктер, монитор және қашықтан оқуға қажет басқа да жабдықтар орнатылды.
2001 жылы Қазақстан мектептерінде Сара Назарбаева әзірлеген "өзін-өзі тану" пәні енгізілді, ал 2010 жылдан бері бұл пән 1-11 сынып оқушылары арасында оқытылатын болды.
"Өзін-өзі тану" бағдарламасының мақсаты – "жаһандану дәуірінде бақытты өмір сүру, қоршаған ортаны қорғау және сақтай білу, өмір салты басқаша адамдарды түсіне білу, түрлі мәдениет пен өмір тәжірибелерін құрметтеу, балалар мен жасөспірімдерді, жастарды жалпыадамзаттық рухани құндылықтарға тарту", деп көрсетілген жоба сайтында.
Сонымен қатар тұңғыш президенттің жары бұл пәнді тек мектептерде ғана емес, университеттерде де енгізуді ұсынды.
"Өз бойыңдағы адамды сезін. Неден бақытты, неден бақытсыз екеніңді ұқ. Содан кейін балаңды дұрыс тәрбиелейсің. Әсіресе, мұғалім болсаңыз қажет. Жалпыадамзаттық құндылықтар пән ретінде барлық сабақтарда болуы керек. Барлық емтиханда, оқуға түсу сынақтарында бірінші тұруы қажет", - деді Назарбаева.