13 ақпанда өз еркімен қызметтен кету туралы шешім қабылдағанын хабарлаған Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев бүгін қызметте екені хабарланды, деп жазады qamshy.kz порталы.
Әкім Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің instagram парақшасында "Құрметті аудан тұрғындары, менің оқырмандарым! Мен, Қуанышбек Қалиұлы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметін өз еркіммен босаттым! Осы қысқа уақыт аралығында тарихы бай өлкеде еңбек еткеніме, аудан тұрғындарының түйткілді мәселелерін кішкене болса да шешуге көмектескенім үшін қуаныштымын! Алдағы уақыттада аудан әкімінің орнына білікті басшы келетініне сенімдімін. 7 ай уақыт бойы бірге жұмыс атқарған әріптестеріме, аудан тұрғындарына үлкен алғысымды айтқым келеді! Ескере кету керек мен осы лауазымдық қызметті 2020 жылдың 2 шілдесінен бастап атқарған болатынмын!" деп жазба жариялаған.
Қызметте болғанына енді 7 ай толғанда кенет қызметтен кету туралы шешімге қатысты әкімінің баспасөз қызметі ресми хабарламадағы ақпараттан өзге ештеңе айтпаған.
Ал бүгін бірқатар ақпарат құралдарында әкім 12 ақпанда жиын барысында қызметтен кететінін айтқаны хабарланды.
Енді бүгін әкімнің instagram парақшасындағы ескі жазбалар өшіріліп, жаңа жазба жарияланды. Онда әкім орнында екені, жұмыс бабымен ауданды аралап жүргені айтылады. Бұл мәселе бойынша да әкімдік өкілдері пікір білдірмеді.
Жалпы Алматы облысындағы ең үлкен әрі халық ең тығыз орналасқан Еңбекшіқазақ ауданында әкім жиі ауысады.