$ 494.87  520.65  4.91

Сенат төрағасы М.Әшімбаевтың ашаршылық туралы пікірі қоғам наразылығын тудырып жатыр

Қоғам қайраткерлері бұл пікірмен келіспей, ашаршылықтың нағыз ұлтқа жасалған қастандық екенін айтады.
фото: arasha.kz
фото: arasha.kz

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қазақ тарихындағы ең ақтаңдақ беттерінің бірі ашаршылық – тақырыбын саясатқа айналдырмай, оған ғылыми тұрғыдан қарау туралы пікірі қоғам тарапынан үлкен қарсылық тудырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәселен, «Ашаршылық Құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Құрманбаев мемлекет басшысынан Әшімбаевты орнынан босатуды талап еткен. Оның айтуынша, Әшімбаев қасіретті тарихымызға топырақ шашып отыр. 

«Тоқаев мырза! ХХ-шы ғасырдағы қазақтың 70 пайызы қырылған қолдан жасалған алапат ашаршылықты жоққа шығарушы – Әшімбаев орынтағын босатсын. Әшімбаев өз ұлтын басынып, рухын таптап, қасіретті тарихымызға топырақ шашып отыр!», –деп талап қойған «Ашаршылық » деректі фильмінің сценарий авторы Рамазан Құрманбаев.

Ал белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев мұны Кремьге қарап жалтақтау деп бағалаған.

«Мен үнемі ашаршылықты геноцид деп жазу керек деп айтамын. Геноцидтің тамыры тереңде. Яғни, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, алдындағы бар малын тартып алу арқылы қазақты өмір сүру құқығынан айыру дегеннің өзі геноцид емес пе? Ресейлік, кейбір қазақстандық тарихшылар, беймәлім зерттеушілер «барлық жерде ашаршылық болды» деп айтқысы келеді. Алайда ашаршылықты ашық айтса, Кремльдің көңіліне кірбің түсіреді. Билік содан қорқады. Ал қазір Қазақстандағы ашаршылықты өзіміздің емес, батыстың тарихшылары зерттеп жүр. Бұл парадокс.  Бұл дегеніміз – саяси элитаның бір бөлігі күні бүгінге дейін Ресейге қарап, жалтақтап отыр деген сөз», – дейді  саясаттанушы. 

Сондай-ақ ол осындай жалтақтықтың кесірінен тек ашаршылық тақырыбы ғана емес бүтіндей ұлт болып тойлауы тиіс Алашорданың 100 жылдығы да ескерусіз, елеусіз қалғанын айтады. 

«2017 жылы билік ЭКСПО-ны жарнамалап жатқан кезде Алашорданың 100 жылдығын атап өтуді ұмытып кетті. 2017 жылы ешқандай шара өтпеді. Ресми мінберде бірде бір сөз айтылмады. Себебі биліктің өзі өткен күндердің, тарихымыздың ақтаңдақтарын қайта жаңғыртқысы келмеді. Түсінікті. Ашаршылықты айтса, Кремльдің көңіліне кірбің түсіреді. Алашорда тақырыбы да дәл солай қозғалмай қалды. Алашорда мен қазіргі билікті салыстыруға келмейді. Алашорда – ұлт қаймағы. Қазіргі элита деп жүрген адамдарымыз 30 жылда ештеңе істемеді. Ақорда Ресей ренжіп қалады деп қорқады. Сонымен бірге тарихқа терең бойлағысы келмейді. Бұл мәселеде Ресей жалтақтаймыз» ,  – дейді ол. 

Бұған дейін бұл мәселеге белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанның арнайы пікір білдіргенін жазған болатынбыз. Ол ашаршылықты қазақ ұлтына арнайы жасалған қастандық, қолдан ұйымдастырылған геноцид деп білетінін жазып, «Холокост», «Голодомор» қасіреттерімен салыстырып, «Егер біздің буынымыз 20-шы ғасырдағы ұлттың ұлы қасіретіне ресми баға беруге батылы жетпейтін болса, онда біз миллиондаған құрбан болған әруақтарымызды алдық та сатып жібердік деп айтуға болады», – деп атап өткен болатын. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары