18.02.2021, 22:40

«Киевте жол ережесін бұзған қазақстандық дипломат тәртіптік жазаға тартылады» – СІМ

Біз украин тарапынан жол ережелерін бұзу туралы хаттаманы күтудеміз.

15 ақпанда әлеуметтік желіде Қазақстанның Украинадағы елшілігінің қызметкері жол ережесін өрескел бұзғаны жайлы хабарланды. Оқиғаға куә болған коғам белсенділері оны камераға түсіріп, кінәліні жазалауды талап етіп, Украина мемлекеттік органдарына хат жолдаған, деп жазады Аzattyq-ruhy.kz.

Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі Киевтегі көлік оқиғасына қатысты түсініктеме берді.

«Біздің елшілік қызметкерінің қатысуымен Киевте орын алған жол-көлік оқиғасы фактісін растаймыз және оған қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын, соның нәтижесі бойынша оған тәртіптік жаза қолданылатынын хабарлаймыз. Қазақстан Елшілігі бұл мәселе бойынша Украинаның Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыста. Біз украин тарапынан жол ережелерін бұзу туралы хаттаманы күтудеміз», - делінген ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі оқиғаның мән-жайын анықтап, кейін толық түсініктеме беруге уәде еткен.