Маңғыстау өңіріндегі ерекше табиғи ескерткіш – Бозжыраның тағдыры әлі де қыл үстінде тұр. Қоғам белсенділері мен экологтар «Бозжыра мәселесі Қарақия ауданы тұрғындарын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын алаңдатады» деп шыр-пыр болып жатқанына қарамастан, қонақ үй салуға ниеттеніп отырғандар алған беттерінен қайтар емес, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Атқамінерлердің айтуынша, барлығы да осы өңірдің халқының болашағы үшін. Қонақ үй салынып, инвестиция тартылса, халықтың жағдайы жақсарып, қосымша жұмыс күштері ашылады-мыс. Осыдан шамалы бұрын халықпен кездескен облыс әкімі С.Тұрымов та өзінің осындай пікір білдірді. Алайда, жергілікті қоғам белсенділерінің айтуынша, Бозжыраға қонақ үй салып, инвестиция тартамыз деген пікірлердің барлығы да өтірік. Туризмді дамыту деген – бос сөз, екі желеу, бір сылтау, яғни, манипуляция – қалайда Бозжыраға қонақ үй салудың қамы ғана. Мәселен, белгілі журналист Бақытжан Қосбармақов Бозжыраны игеру науқанының артында мүлдем басқа дүние жатқанын айтқан.
«Бозжыраға отель салуды қолдайтындар мен әкімшіліктің айтатын екі уәжі бар: бірінші, туризмді дамыту; екінші, инвестиция тарту. Яғни, Бозжыраға отель-қонақ үй салынса, Маңғыстауда туризм гүрлеп, туристер қаптайды-мыс; қап-қап инвестиция құйылып, жұмыс көбейіп, ел тоғайып, әл-ауқаты артып, уыс-уыс, мыш-мыш ақша ұстап, шұрқып байиды-мыс.
Бұл – миф, күлбілтелемей тура айтқанда, өтірік! Өтірік болғанда, қаны сорғалаған қып-қызыл өтірік!
Өтірік болатыны – әкімшілік Бозжыраға жылына қанша турист келетінін, олардың қанша инвестиция-қаржы әкелетінін, одан бюджетке қанша қаражат түсетінін білмейді. Болжал да жоқ. Бірер апта бұрын халықпен кездескен облыс әкімі С.Тұрымов мырза бұл туралы ләм-мим деген жоқ. Бүгін Ақтауда болған онлайн-конференцияда Қарақия ауданының әкімінің орынбасары С.Төретаев мырза да көңіл көншитін жөндем жауап бере алмады.
Өткенде Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ө.Бисақаев мырза биыл Маңғыстауға 150 мың турист келетінін, оның 30 пайызы Бозжыраға баратынын айтып қалды. Ол – шамамен 45 мың адам. Бірақ ковид індетіне байланысты, әлем томаға-тұйықталып, туристік миграция саябырсып, тіпті Афины, Рим, Венеция, Париж сияқты туристік аймақтардың өзі қаңырап бос қалғанын ескерсек, бұл – аспаннан алған цифр немесе әдейі айта салған жылдыртпа сөз десе болады. Демек, туризмді дамыту деген – бос сөз, екі желеу, бір сылтау, яғни, манипуляция – қалайда Бозжыраға қонақ үй салудың қамы ғана. Демек, гәп – басқада.
Жалпы, осы орайда әуелі туризм деген не екенін діттеп, анықтап алған абзал. Туризм деген – тек қонақ үй мен бассейн салу емес. Ол – бар болғаны, туризм индустриясының бір саласы ғана, бір деталі, сервистің бір түрі ғана. Тұтас индустрия оның кешенді жоспары мен пиарынан бастап, экожүйе, ландшафт, коммуника жүйесі, инфрақұрылым, сервис және мәдени-этикалық нормаларды қамтиды. Бұл ретте жалғыз Бозжыра емес, Маңғыстауды тұтас рекреациялық аймақ ретінде қарастырып, кешенді жоба жасалу керек еді. Оны тек жасап қоймай, әр деталін қапысыз қамдап, әр бекетін мүкісіз таңдап, әр соқпағын қадамдап өлшеп, әр тиынын есептеп, елеп-екшеп, талдап-талқылаған жөн.
Сосын соған сай ыңғайлы локация, сайлы инфрақұрылым, жайлы комфорт, әлеке-ләпбай сервис жасақталу керек. Әйтпесе, ешкім туризмге бөгет болып, туристің алдынан арқан керіп, ешкімді аяғынан шалып, қылтасын қиып, Бозжыраға барғызбайын деп жатқан жоқ. Барсын. Көрсін. Бірақ Бозжыра – іргесінен қонақ үй, бассейн салып, қорс қылып, сауық-сайран құратын жер емес. Ол – табиғи уникум, шікірт, шікәмшіл морфомүсін. Оны тек табиғи-эстетикалық нысан ретінде қарастырған лазым. Оның рекреациялық фишкасы да – сол, бәсі де сонда. Яғни, Бозжыраның маңайынан мүлде отель салуға болмайды! Оны осы қалпында сақтау керек. Бұл – принципті мәселе», - деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.
Ол сонымен қатар, бұл жобаның артында үлкен қаржы жатқанын айтады. Нақты айтар болсақ, инвестицияны сылтауратып бюджет қаржысын жымқыру айласы жатыр.
«Екінші, инвестиция деген де – жалған. Жалған болатыны – инвестор «ТЕТYS IV» компаниясы құрылысты салуға Қазақстан Даму банкінен 37 миллиард теңге несие алатыны белгілі болды. Ал Даму банкінің құрылтайшысы – Ұлттық «Бәйтерек» холдингі. Яғни, сырттан келетін инвестиция-қаржы жоқ, бюджеттің ақшасы жұмсалады деген сөз. Инвестиция деген – бар болғаны, қитұрқы схема ғана.
Әлбетте, бизнес қаржы-экономикалық есепке, пайда табуға құрылады. Осы орайда, «Бұл жоба өзін өзі ақтай ма? Ақтаса, инвестордың салған 37 млрд ақшасы неше жылда қайтады?» деген сұрақ туатыны сөзсіз. Бұл – 90 миллион долларға пара-пар ақша. Егер жылына 1 миллион доллар пайда тапса, 90 жылда ақтайды. Ондай шыдамды, ондай ынсапты инвесторды табу қиын, тіпті ол әлемде жоқ десе болады.
Сонымен, әкімшілік аузынан тастамай қақылдап айта беретін «туризм», «инвестиция» деген сөздерді түсінікті тілге, қарапайым сөзге аударсақ, алақауданда апай-топай 37 миллиард теңгені пышақ үстінен бөлісіп, асап жеп, жерді қарпып иеленіп қалу ғана болып шығады. Басқа ештеңе емес. Бар гәп сонда. Шындық – осы», – деп жазады автор өзінің жазбасында.
Автор сонымен қатар, бұл істің артында нақты кім тұрғанын да айтып өткен.
«Бірақ олардың бұлайша тым батыл, тым өктем, ешкімді елең қылмай тым өңмеңдеп, ештеңені елеп-ескермей тым өршеленіп ұмтылуы тегін емес. Мұның артында ысқырса теректі көк шөптей жапыратын, былғаса теңізді қара судай сапыратын ықпалды лобби, дүмді топ тұр. Жіптің ұшы Ақордаға, дәлірек айтқанда Н.Назарбаев отбасына тіреледі. Оған алыстан айғақ, дәлел іздеп жатудың керегі де жоқ, құрылысты салатын «Сембол констракшн» компаниясының құрылтайшысы түрік кәсіпкері Феттах Тәминже екені, ал оның Н.Назарбаевпен әмпей екені екінің біріне аян болса керек. Жергілікті әкімшіліктің екі оттың ортасында қалғандай шыр-пыр боп, жанұшырып жүргенінің сыры да – сол.
Бірақ ат басындай алтын, піл бойындай гауһар, тіпті Тұр тауындай жақұт-жауһар берсе де Бозжыраның қасынан қонақ үй салуға болмайды. Ол оның іргесінен ін қазып, тіпті мина қойғанмен тең. Қазір айтып жүргендей 4 км жерден құрылыс салу оның соны қалпын, тылсым табиғатын, құлзым құпиясын, мөлт ландшафты мен сиқырлы гармониясын, сыр-сымбатын бұзатыны анық. Ол үлпершек ақ көйлекке қара жамау жапсырғандай, болмаса, сұлу қыздың бетіне шыққан безеудей, тіпті маңдайына шыққан ұрадай болатыны сөзсіз. Бұл – шебер Құдайдың құдіретімен жаратылған, жеті ықылым, сегіз дәрттен өтіп, қанша дәуір, қилы заман, неше ғасыр жел қағып, су шайып, күн жеп, саф алтындай сомдалып бізге жеткен Тәңірдің сыйы. Оған антропоген факторы – адам аяғының зілі, табанының табы, қолының нілі, алақанының уыты жат. Оны түртуге болмайды, түрткізуге болмайды. Оны көздің қарашығындай сақтау керек. Бір ғана мысал, қара базарда адамның көзінің қарашығы 360 мың доллар екен. Бозжыра – 600 мың маңғыстаулықтың, тіпті 18 миллион қазақтың көзінің қарашығы десе, артық емес.
Бозжыраға қатысты дау-дамай кезінде тағы бір қылаң берген сұмдық жайт – ол – ыңғайтөк, солқылдақ әлеуметтік мораль. Ақсақалы-қарасақалы бар, бір топ зиялы хат жазып, көре-пара әлгі дүмді топтың дауылпазын қағып, сырнайын тартты, тіпті шабуыл салып шаңдатып, шотын шауып, сойылын соқты. «Іштен шыққан жау – жаман», Құдай олардың жүзін құбылаға бұрғай! Ниет құбыла, жұрт жұмла болса, іс те оңғарылар», – деп атап өткен ол өз жазбасында.