Елімізде коронавирус пандемиясы әлі өршіп тұр. Бірақ соған қарамастан, карантин тәртібін бұзатындардың қарасы әлі көп. Ең сорақысы карантин тәртібін бұзатындардың ішінде тікелей пандемиялық ахуалға жауапты шенеуніктер де бой көрсетіп қалып жатыр. Бүгін әлеуметтік желі бетінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өрескел түрде карантин тәртібін бұзып отырған фотосы жарияланды. Нақты айтар болсақ, облыс әкімі Шөкеев мырза маска тақпастан футбол тамашалап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қызық болғанда, желіде қызу талқыланып жатқан бұл фото облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың facebook парақшасында жарияланған.
Фотодан өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтен бөлек экс-шенеунік, «ҚазТрансГаз» директорлар кеңесінің төрағасы Әділбек Жақсыбеков пен фото авторы Сәкен Қалқамановты байқауға болады. Үшеуі де маскасыз. Бұл үшеуінен сәл әрірек тағы бірнеше адамның сұлбасы бар. Бір қызығы бұлардың барлығы да карантин талабын қатаң сақтап, маска тағып алған.
«На стадионе туркестан - арена матч Кайрат - Тобол, пока 0-1» делінген фотода.
Пандемия демекші, карантин тәртібін бұзған шенеуніктердің арасында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бастаған бірнеше әкім бар. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, өткен жылдың тамыз айында қала әкімдігінің қызметкерлері Абай өлеңдерін оқып, видеоэстафета өткізген. Бұл мәдени шараға қала әкімі Жақсылық Омар мен орынбасары, бірқатар бөлім басшылары қатысқан. Бірақ олардың барлығы маска тақпай келген.
Нәтижесінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин, қала әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Эльдар Төлеубеков бастаған шенеуніктер 115 АЕК көлемінде айыппұл төледі.
Айтпақшы, жұрттың арасына маскасыз шыққаны үшін Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Кәркеновтың да біраз дауға қалғаны бар.
Сол секілді, Алматы қаласының бұрынғы бас санитарлық дәрігері Айзат Молдағасымованың мәселесі де біраз шу болғаны белгілі. Оның коронавирус жұқтырған жолаушымен бір рейске мінгені анықталып, 14 күн карантинге оқшауланған. Оқшауланудан кейін ол жиналыстарға еркін қатысып, маскасыз жүргені үшін сынға ұшыраған.
Өткен жылдың күзінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың да карантин талабын бұзғаны үшін жұрттың сөзіне қалған. Бір қызығы, бас мұғалім жұрттың бұл сынына әлі күнге дейін жауап қайтарған жоқ.
Әрине, карантин тәртібін шенеуніктердің барлығы да жай ғана айыппұл арқалап, ары кетсе ескерту алумен құтылғаны белгілі. Я болмаса отставкаға кеткен ешқайсысы жоқ.
Есесіне, қарапайым жұрт өңі түгіл түсіне де кірмеген сомада айыппұл арқалап тіптен қамауға алынып, қатаң жазаға тартылып жатыр.
Мәселен, жақында ғана Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің бұйрығын бұзды деген айыппен (мекемеге адамды маскасыз кіргізгені үшін) бір кәсіпкерге 500 АЕК яғни 1 миллион 389 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Расын айту керек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бұл отырысы бұдан да үлкен заң бұзушылық болып есептеледі. Осыған байланысты Түркістан облысының бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов қатаң шара қолданады деп сенеміз.