Белгілі физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев әлемге қазақты танытатын өз бренді жоқ екенін тілге тиек етті. Ол әлемді құр сөзбен мойындатамыз деу күлкілі нәрсе екендігін жеткізді. Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбаты барысында айтты.
"Қазақтың бренді не мысалы? Жоқ қазақтың бренді. Менің ойымша қазаққа жетпей жатқан нәрсе не? Ет, қымыз, шұбат дегенмен сіз кімді таңқалдырасыз. Ол қазақтан басқа ешкімге керек жоқ оның барлығы. Кезінде мен осындай әңгімелерді айтқанмын. Ақын кімге керек? Қазақтан басқа ешкімге керек емес. Мұқағали кімге керек? Қазақтан басқа ешкімге керек емес. Тамақ бар жерде бар ғой. Онымен кімді таңқалдырасыз. Қазыны қазақ қана мақтайды. Кім мақтайды оны? Дүниежүзінің 99 пайызы гамбургерді мақтайды. Шындыққа келсеңіз, Америкалық осында келсе не іздейді? Қазыны іздемейді, гамбургер іздейді. Бірақ келгеннен кейін кішкене қазы қартаны үйренсе бірінші әріпін үйренуі де мүмкін. Бірақ, ол массовый производство емес қой. Жұрттың бәрі қазыға бет бұрып жатыр дейсіз бе? Ол домбырамен әлемді жаулап аламыз деген сияқты бос қиялы ғой. Оны поэтикалық образ ретінде қабылдауға болады. Бірақ, практикалық тұрғыда ол кімге керек. Мінекей! Сондықтан, кішкене қазақ Бораттың елі болмайын десе, қазақ жұртқа күлкі болмайын десе әлемдік деңгейдегі соңғы өнімді өзі шығару керек. Соңғы өнімді өзі шығару үшін қазақта жаңа технология болу керек. Оны істей алатын адам болу керек. Оны жасай алатын завод болу керек. Оны ұғатын басшы, оны істей алатын қосшы болу керек. Сөзімізбен әлемді мойындатамыз деу күлкілі нәрсе", - деді Асқар Жұмаділдаев.