Кеше Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин "Ashyq" мобильдік қосымшасын пайдалана бастаған нысандарды жеке тексергені хабарланған. Әлеуметтік желінің кей қолданушылары тексеріс барысында Бекшин Iphone 12 смартфонын ұстап тұрғанын байқағаннан кейін Алматының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті смартфон Жандарбек Бекшинге тиесілі еместігін мәлім етті, деп жазады qamshy.kz порталы.
Санитар дәрігердің қымбат смартфон ұстаған сәтінің фотосы қосымшаны алғаш пайдаланған нысандардың бірі "Қазақстан" спорт кешеніне барғанда түсірілген. Фотодан Жандарбек Бекшин қосымшаның жұмысын тексеру үшін смартфонмен арнайы QR-кодты сканерлегенін көруге болады.
Алматының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің instagram парақшасында жарияланған жазбаның астына қолданушылар "Бекшин Iphone 12" ұстайды екен деп жазған. Парақшаның админдері смартфон Бекшинге емес, спорт кешенінің директорына тиесілі екенін, арнайы қосымша осы смартфонға орнатылғандықтан қаланың бас санитары қосымша қызметін осы құрылғымен тексергенін мәлім етті.
Жандарбек Бекшиннің кей мәлімдемелері мен әрекеттері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде бұған дейін де қызу талқыланған.
Ол 2020 жылғы наурызда елдің бас санитар дәрігері болып тұрғанда "Қазақстанға "наконец-то" коронавирус келеді" деп сөзден сүрінген.
Кейін Алматы қаласының бас санитар дәрігері атанғанда Медеу ауданының тұрғындары қонақ үйдің коронавирусқа шалдыққандарды емдейтін клиникаға айналғанына қарсы шығып наразылығын білдірген. Сол оқиғадан хабар таратуға барған Қамшы тілшісімен телефон арқылы сөйлескенінде бас санитар "тұрғындарға бәрін түсіндірдік, еш мәселе жоқ, дабыра қылып жүрген сендерсіңдер (журналистер) деп дүрсе қоя берген. Артынша, "көр де тұр, ертең коронавирус жұқтырсаң, осы клиникаға жатқызбаймыз" деп тұтқаны қоя салған.
Ал ақпанның басында желіде коронавирусқа қарсы вакцина салдырып жатқан Бекшин мен оны қаумалап тұрған журналистердің суреті тарап, көпті күлкіге қарық қылған.