«500 млн долларға түрлі экзотикалық аурулар сатып алдық». Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев сырттан асыл тұқымды сиыр әкелу жобасын кеңес заманындағы сәтсіз тәжірибеге теңеді, – деп хабарлайды Inbusiness.kz.
«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын талқылау барысында Ақылбек Күрішбаев сырттан мал әкелу тәжірибесінің зиянды жақтарына тоқталды.
«Соңғы жылдары етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында елімізге 153 мың бас мал әкелінді. Оны сатып алуға мемлекеттік субсидияларды қосқанда 500 млн доллардан астам қаражат жұмсалды. Ғалымдардың пікірінше, бұрын елімізде болмаған, бізде тіркелмей жатқан шмалленберг ауруы, инфекциялық ринотрахеит, вирустық диарея сияқты қауіпті экзотикалық жұқпалы аурулар сырттан әкелінді. Бұл мәселе отандық ветеринария жүйесінің қазіргі ауыр жағдайын одан сайын тығырыққа тіреді. Біздің қолымызда осы импортталған малдың қаншасы бейімделе алғаны, қаншасы өлгені, жалпы жобаның алдына қойған мақсаттары қалай орындалғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Ал оны халық білуге құқылы. Себебі аталған мал басы тек жеке инвестициялар есебінен ғана емес, салық төлеушінің ақшасына сатып алынған»,– деген сенатор мұндай қымбат жобалар бойынша жауапты мемлекеттік органдар ел алдында есеп беріп отыру керек деген ой айтты.
«Асыл тұлымды малға келетін болсақ, қазір сол ауыл шаруашылығы жануарларының популяциясын сақтап қалу және жақсарту өте маңызды. Аграрлық саланың ардагерлері кеңестік кезеңде Қазақстанға Еуропадан жүздеген мың асыл тұқымды ірі қара малдың әкелінгенін және уақыт өте келе олар өздерінің асыл тұқымды қасиеттерін жоғалтып, із-түссіз жойылып кеткенін жақсы біледі. Бізге селекцияның заманауи әдістерін қолдану керек. Бұл тұрғыда ЕАЭО-ның асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекциялауды енгізу туралы келісімі ерекше маңызға ие. Себебі жануарлардың тек генетикалық талдауы оның асыл тұқымдық құндылығын алдын ала болжауға мүмкіндік береді және селекцияның тиімділігін қамтамасыз етеді. Бүгінде барлық дамыған елдерде асыл тұқымды жақсарту қазіргі заманғы биотехнологиялық зерттеу әдістеріне, оның ішінде геномдық селекцияға негізделген», – деді депутат.
Ақылбек Күрішбаев кезінде өзі басқарған Ауыл шаруашылығы министрлігінің асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы қазіргі ұстанымын қолдайтынын жеткізді. Оның себебін төмендегі жайттармен түсіндірді. «Өкінішке қарай, Қазақстанда кейбір компанияларды қоспағанда селекциялық асыл тұқымдық жұмыста геномдық сараптама жүйелі пайдаланбайды. Бұл саланың дамуына елеулі тежегіш болып отыр. Сондықтан ауылшаруашылық жануарлардың отандық гендік қорын қалыптастыруға қатысты бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Ол үшін еліміздің фермерлеріне көмек ретінде ғылыми зертханалардың базасында ұлттық генетикалық зерттеу орталықтарын ұйымдастыру керек. Бұл біздің жағдайымызға бейімделмеген асыл тұқымды малды шетелден әкелуге қарағанда ақылға қонымды, әлдеқайда арзан және эпизотикалық тұрғыдан қауіпсіз жоба болар еді.
Малдың асыл тұқымдық қасиеттері мен өнімділігін арттырудың әсіресе сүт шаруашылығында маңызды әдісі болып табылатын тағы бір жолы – жасанды ұрықтандыру. Бұл мәселе ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Өйткені олардың күн көрісі малдың өнімділігіне байланысты. Мамандардың мәліметі бойынша қазір сүт бағытындағы ірі қара малдың қолдан ұрықтандыру үлесі Беларусь елінде 95 пайыз, Украинада 90 пайыз, Ресейде кем дегенде 70 пайыз, Өзбекстанда 55 пайыз, Қазақстанда 15 пайыздан аспайды. Яғни, 4-6 есе аз.
Бұл мысалдан біздің сауда серіктестерімізден селекциялық жұмыста қаншалықты артта қалғанымыз айқын көрінеді. Сонымен қатар бізде заманауи фермалар, сапалы жемшөп базасы жетіспейді. Салыстырсақ, Қазақстанда сүт бағытындағы 2,7 млн басқа жуық сиыр бар. Ал Беларусь Республикасында 1,5 млн бас. Яғни, 1,8 есе аз. Алайда Беларусь ЕАЭО-ға кіретін елдердің көбіне сүт және сүт өнімдерін экспорттайды. Ал біз өз халқымызды толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауылшаруашылық жануарлардың селекциясын дамыту жөніндегі ұстанымын толық қолдаймыз», – деді сенатор.