Парламент мәжілісі "Қазақстан үкіметі мен Қырғыз Республикасының үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Келісімге 2019 жылы 27 қарашада Бішкек қаласында қол қойылды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, құжат екі ел арасында азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді.
Нақтылап айтқанда:
"Өткен жылы Қазақстанға Қырғызстаннан 281 мыңнан астам азамат келді, осы жылы екі айда 25 мыңнан асты. Ал Қазақстаннан былтыр 175 мың азамат Қырғызстанға барған. Биыл екі айда 20 мыңнан аса адам барды. Екі елдің ынтымағы нығайып жатыр. Қазақстан осындай келісімді Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Беларусь мемлекетімен де жасады", - деді министр мәжілістің жалпы отырысында.
Қырғызстан парламенті келісімді 2021 жылы 17 ақпанда бекіткен.
Бүгінгі таңда ішкі істер министрлігі көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітті. Халықаралық деңгейде тағы 8 келісім дайындалып жатыр.
"Осы заң азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонды реттеуге, қос азаматтықпен күресуге бағытталған", - деді Тұрғымбаев.
Министр келісімді ратификациялау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайтынын және қосымша қаржы талап етпейтінін атап өтті.
Мәжіліс заң жобасын бірауыздан мақұлдады.