$ 494.87  520.65  4.91

«Шөкеев деген патшамызға ұнаса болды ғой»: әлеуметтік желіде Түркістан стадионына қатысты ұятты видео пайда болды

Өкінішке қарай, кездесу теледидардан көрсетілмеді, әйтпесе көп адам күлкіге қарқ болатын еді.

Кешеден бері құрылыс жұмыстарына 39 млн АҚШ доллары жұмсалған Түркістандағы орталық стадионы қайтадан әлеуметтік желі бетінде хит болып жатыр. Нақты айтар болсақ, аталмыш стадиондағы кезекті ойындардың бірінде түсірілген бір жазба жұрттың ерекше назарын аударған. Бұл бейнежазбадан доп теуіп жүрген футболшылардың суға көміліп жатқанын байқауға, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Пікір білдірушілердің барлығы да ең соңғы үлгідегі, яғни УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай салынды делінген орталық стадионда суағар жүйесінің жоқтығына таңғалыстарын білдірген. 

Мәселен, Асхат Қасенғали есімді жел қолданушысы «Тамаша. 39 млн долларға салынған Түркістан стадионы ғой. Бәрін кеңінен ойластырып жасаған сияқты. Қаласаң футбол ойна, қаласаң су добы, тіптi керек десең байдаркамен халықаралық жарыстар да ұйымдастыруға болады екен. Бұл стадионды Баландин мен Исламхандар қатар дайындала алатын етіп жасапты. Ризамын» деп жазған

Белгілі журналист әрі қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы да Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің өзі мақтауын келтіріп тұрып тапсырған бұл стадионды «субол» деген жаңа ойын ойнайтын жер екен» деп келеке етіпті. 

«Фотограф - гений!
Осы кадрды дер кезінде «ұстап» үлгерген суретшіге МАДАҚ!!!
Стадионға бөлінген 40 млн еуроның 0.01 пайызы, футболға бөлінген жылдық бюджеттің 0.001 пайызы осы суреттің авторына берілсін!..
Субол деген жаңа ойын екен...», - деп жазған өзінің парақшасында. 

Айтпақшы, бұл фотоға қатысты белгілі заңгер Айгүл Орынбек те жеке жазба жариялаған.

«BI Group Түркістанға тегін салған футбол алаңы!
Шымкентке Ипподромды тегін салады сыйға деп пе еді? Аттар осылай тайып жығылып құлап жатпайтынына кепілдік бересің бе, Әйтенов?

Мына стадион 39 миллион долларға салыныпты. 
Суды ағызып жіберетін дренаж жоқ деп те жазып жатқандарды оқыдым.
Ипподромды сапалы салады дегенге сенесіздер ме?

Құрсыншы ақша, сапалы стадион, футболист, көрермендердің денсаулығы ше?
Көкпар ойнағандарды тырқыратып тұрып айып пұл салдыңдар, сүйкеніп жүріп футбол ойнағандарға ше айыппұл жоқ па?

Пандемия кезін де суық күнде, сулы жаңбыр да футболистердің өмірін қауіпке тігіп, футбол тамашалап отырған Шөкеев осыдан кейін халықтың денсаулығын ойладық деп әңгіме айтса, ұят шығар ия?

“Короновирус кеткен жоқ, өкпені суықтатып алмау керек, сақ болыңыздар”- деген бла бла әңгіме бәрі бекер!
Түш үндемеңдер, ең бастысы Шөкеев деген патшамыз футбол көру керек!», - деп атап өткен. 

Бақ.кз сайтының жазуынша, бұл жазба «Тұран» мен «Астана» клубтары арасындағы кездесу барысында түсірілген. Кездесу 2:2 есебімен аяқталған. Бірақ бірнеше футболшы жарақат алыпты. «Астана» клубының бас бапкері Андрей Тихонов бұл жағдайды масқара жайт деп  бағалаған. 

«Мен кейбір адамдарға осы ойын арқылы жақсы көңіл-күй сыйлағанымызды түсінемін, бірақ мұндай алаңда футбол ойнауға болмайды. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, жаңа стадион салынды. Бірақ жаңбыр жауғанда, алаң көлшікке айналды. Мұндай жағдайда футбол туралы әңгіме айту мүмкін емес. Бізде бірнеше футболшы жарақат алды. Бірақ тағы да айтамын, бұл футбол емес, ойыншыларды мазақ ету, бүгін екі команданың ойыншыларын жай ғана мазақ етті. Ауа температурасы -2 градус болған кезде футболшылардың шалшыққа құлағанын көру көрермендер үшін күлкілі көрінетіні анық. Алайда мұндай ауа-райында ойнауды шешкендер бұл туралы ойлануы керек. Өкінішке қарай, кездесу теледидардан көрсетілмеді, әйтпесе көп адам күлкіге қарқ болатын еді», - деп атап өткен ол. 

Айта кетерлігі, Түркістандағы небары 7000 адамдық бұл орталық стадион кезінде әлемдегі ең қымбатқа салынған салынған құрылыстардың бірі ретінде аты шыққаны белгілі. Көптеген сарапшылар бұндай қаржыға (39 миллион доллар) кемі бес-алты стадион соғуға болатынын есептеп шығарған. Мәселен, Абай.кз сайтында жарияланған бір материалда Түркиядағы 43 877 көрермен сиятын «Тимса Арена» стадионына 24,5 миллион доллар жұмсалғаны айтылған.

«Ақшаның көзіне қарамайтын қазақ билігі 30 мың адамға арналған «Астана Аренаны» 182 млн. долларға, 7 мың адамға арналған Түркістандағы стадионды 31 млн. долларға салады екен. Ендеше өзге ел футбол алаңын салуға қанша қаржы жұмсайды деген сұраққа жауап бере кетейік», - делінген аталмыш дерек көзінде. 

1. «Удинезе» стадионы (Италия) - «Дачиа Арена». Сыйымдылығы: 25 144 көрермен, құны: 23,6 миллион доллар, салынған жылы: 2013-2015 жж.
2. «Сивасспор» стадионы - «Сивас Арена». Сыйымдылығы: 27 532 көрермен, құны: 21,3 миллион доллар, салынған жылы: 2013-2016 жж.
3. «Пеньяроля» стадионы - Кампеон-дель-Сигло. Сыйымдылығы: 40 005 көрермен, құны: 40 миллион доллар, салынған жылы: 2014-2016 жж.
4. Стадион «Коньяспор» - Торку Арена. Сыйымдылығы: 42 276 көрермен, құны: 21,3 миллион доллар, салынған жылы: 2012-2014 жж.
5. «Тимса Арена» (Түркия). Сыйымдылығы: 43 877 көрермен, құны: 24,5 миллион доллар, салынған жылы: 2011-2015 жж.
6. «Днепр-Арена» (Украина). Сыйымдылығы: 34 000 көрермен, құны: 40 миллион доллар, салынған жылы: 2008 жыл.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары