Саясат 23.03.2021 сағат 20:26

Шенеуніктер династиясы: Елорда мәслихатын байдың балалары «жаулап» алған

Әйтеуір мәслихатқа топ ете қалғандардың тізімінде кілең ығайлар мен сығайлар.
Шенеуніктер династиясы: Елорда мәслихатын байдың балалары «жаулап» алған
фото: elorda.info
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Лауазымды тұлғалардың балалары елордалық мәслихатта мандат иеленіп отыр. Тізімді экс-мәжілісменнің ұлы бастаса, іргелі оқу орындарының ректорлары қостап, түрлі кәсіпорындардың төрағалары түйіндейді. Осы ретте саясаттанушылардың пікірі екіұдай. Бірі жастардың қарым-қабілетін жоққа шығармау керек десе, енді бірі депутаттарды сайлауда тамыр-таныстықтың рөлі ойнайды дейді, деп хабарлады paryz.kz сайты Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан мәслихаты. Өзге өңірлер секілді мұнда да депутаттар жуырда ғана жасақталғаны белгілі. "Нұр Отаннан" ұсынылған үміткерлер тарихта тұңғыш рет праймериз арқылы іріктелді. Бірақ сәйкестік пе, әлде шынымен лайықты боп танылды ма, әйтеуір мәслихатқа топ ете қалғандардың тізімінде кілең ығайлар мен сығайлар. Депуттар династиясынан бастасақ. Қалалық мандат иелерінің арасында Азамат Өмірзақовтың есімі бар. Ашық ақпарат көздеріне сенсек, жас депутат экс-мәжілісмен - Тұрсынбек Өмірзақовтың ұлы. Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың да баласы Талғат Нәрікбаев қалалық мәслихаттың құрамында. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтын басқарып отырған Нұрлан Батпеновтің ұлы Саят Батпенов те мәслихат депутаты ретінде таңдалыпты.

Тізімді одан әрі толықтырып тұрғандар да осал емес. Ректор, кәсіпкер, төраға... осылай кете береді. Әдетте саяси оқиғаларды алдын ала сараптап, саралап жүретін саясаттанушыларға мұндай тырнақша ішіндегі "тізімдер" таңсық емес, әрине. Елеулі орынға бас партия мүшелері емес, халықтың өзі таңдау жасағанда, тізім мүлде басқаша болар ма еді... Қазбек Майгельдинов осылай дейді.

"Бұл сонау Кеңес Үкіметінен қалып қойған бір үлкен сарқыншақ деп айтуға болады. Көбіне жоғары биліктегі лауазымдарға осындай туыстықпен немесе бауырластықпен, қандастықпен тұрып жатқан адамдардың көптеген мысалдары болған. Енді қазіргі таңда осы құрамды өзгертуге, былайша айтқанда басқа да білікті, жанып тұрған, азаматтық позициясы бар азаматтарға әлеуметтік лифт беру үшін бірнеше қадамдар жасалып жатыр", - деді саясаттанушы.

Елдегі оппозициялық партияның өкілі Талғат Омаровтың да пайымы осыған ұқсас. Ол мәслихат секілді маңызды лауазымдарда тамыр-таныспен отырғандардың кімдерге қолайлы екенін түсіндіріп берді.

"Бұл кездейсоқтық деп айта алмаймын. Неге десеңіз, біріншіден, билікке қандай адамдар керек? Оларға үндемейтін, әй десе қоя қоятын, айт десе айтатын адамдар керек. Егер депутат болса, сенің әкең бизнесте немесе басқа да лауазымда жүрсе, сен айтқан сөзін, істеген ісін, оның бір жағы билікке тиіп кетпесін деп қарап отырасың, халықтың мұң-жайын былай ысырып қоясың", - деді ЖСДП орталық аппаратының басшысы Талғат Омаров.

Тек мәслихат депуттары емес, өзге шенеуніктер арасында да мұндай мысалдар жеткілікті. Мәселен, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоқжановтың туған інісі Марат Тоқжанов Батыс Қазақстан облысындағы аудандардың бірін басқарып отыр. Экс-министр Біржан Нұрымбетовтің өз ағасы Тимуржан Нұрымбетовпен әріптес болғаны да ел аузында. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың інісі - еліміздегі ең ірі ұйым "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның президенті екенін біреу білсе, біреу білмес. Тізім мұнымен бітпейді...

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар