23.03.2021, 22:39

«Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, шайтан ісі»: Бас мүфти жыныс ауыстыруға қатысты өз ойын білдірді

фото: 24.kz
Жыныстық мүшені ауыстыру – өз жаратылысыңа қарсы шығу.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Жаратушының заңына қарсы шығып, жыныс ауыстырудың үлкен күнә екенін ескертті деп, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бас мүфтидің айтуынша, бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, шайтан ісі.

«Бұрын өз жаратылысынан жеру деген жағымсыз істі жат жұрттан көріп, жағамызды ұстаушы едік. Өткен жолы Алматы көшесінде өз құқығын желеу еткендердің ЛГБТ-ның түрлі-түсті жалауын желбіретіп жүргені арқамызға аяздай батты. Енді жыныс ауыстыруға ресми рұқсат берілгені қоғамның наразылығын тудыруда.

Жыныстық мүшені ауыстыру – өз жаратылысыңа қарсы шығу. Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, шайтан ісі. Алла Тағала Құранда «Ниса» сүресінің 119-аятында лағынетке ұшыраған ібіліс шайтанның адам баласын азғыру туралы былай деп ант ішкенін ескертеді: «Мен оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп сөзсіз әмір етемін».

Демек, кім әзәзіл шайтанды дос тұтып, өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын ауыстырса – ашық адасқаны, лағынетке ұшырағаны», – деп жазған ол өзінің парақшасында. 

Сонымен қатар, Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөйлеген сөзінде, жүріс-тұрысында, киім киісінде, боянуында әйелдерге ұқсағысы келген ерлерді, ерлерге ұқсағысы келген әйелдерді лағынеттегенін еске салған.

«Алла Тағала адамзатты ерекше махаббатпен жаратты. Ер мен әйелдің өзіне тән қасиеттерін белгілеп, ерекшеліктерін айқындады. Жаббар Алла әйелдің жаратылысын нәзік, сезімтал, ал ер адамды күшті, қуатты етіп жаратты. Әйелдің еркекке, ал еркектің әйелге еліктеуі дұрыс емес. Мұндай қылыққа барған адам Құдайдың ашуын туғызады.

Қазір өзіндік ойы мен таңдауы қалыптасқан, кейбір істерде үлкендердің ақыл-кеңесін қажет ете бермейтін буын өсіп келеді. Сол үшін ұлымызды намысты, жігерлі етіп, ал қызымызды мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ұлан-ғайыр жерді келер ұрпаққа аманаттап тастап кетуіміз үшін, ұрпағымызға сол аманатқа қиянат жасап қоймайтындай тәлім-тәрбие бере білуіміз керек», – деп атап өткен Наурызбай қажы Тағанұлы.