$ 494.87  520.65  4.91

«Жемқорлықты жариялайтын фильм»: Алтай Көлгінов туралы деректі фильм жарық көрді (ВИДЕО)

Оның ұрлағанын, бизнесін көрсеңіз, біраз адам шалқасынан түседі деп ойлаймын.

Ғаламтор бетінде Астана әкімі Алтай Көлгінов туралы деректі фильм пайда болды. Қоғам белсенділерінің айтуынша бұл Қазақстандағы жоғары билік өкілдері арасындағы жемқорлықты жариялайтын фильм, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін Қоғам белсендісі, Демократиялық партия атты қоғамдық ұйымның жетекшісі Жанболат Мамай жоғары билік өкілдері арасындағы жемқорлықты жариялайтын фильмдер сериясын дайындап жатқанын әрі оның алғашқысы Астана әкімі Алтай Көлгінов туралы болатынын айтқан болатын. 

«Қадірлі ағайын! 

Биліктегі жемқорлар туралы шындықты жариялауды бастадық. Бүгінгі кейіпкер - Астана әкімі Алтай Көлгінов. 
Келесі фильм бұдан да көп деректермен, дәлелдермен шығады. Оны дайындау үстіндеміз. 
Youtube -та жарияланған Көлгінов туралы фильмді көруге, таратуға шақырамын!», - деп жазған өзінің ол өзінің facebook парақшасында.

Мамай сонымен қатар, мұндай фильмдердің жалғасатынын, кезекте тағы біраз адамдардың тұрғанын айтқан. 

«Мұнайдың үстінде отырған мемлекетте неге миллиондаған адам кедей? Табиғи ресурстарға бай Қазақстанда неге 2.5 миллион адам үйсіз-күйсіз жүр? Мұның басты себебі — жемқорлықта. Биліктегі ат төбеліндей топтың шексіз байып, елдің байлығын иемденуінде. 

Алдағы 30-40 жылда не болады? Елдің жағдайы қандай болмақ? Міне, бұл сұрақтарға басын қатырып отырған билік жоқ. Олардың мақсаты — қазір тонап, байып, дәулетін шетел асыру. Өздерінің де, бала-шағасының да болашағын елмен байланыстармайды олар. Ал шын мәнінде, табиғи ресурстарға деген сұраныс төмендегенде, баламалы энергия көздері дамығанда, Қазақстан сыртқа не шығарады? Мұнай сатпасақ, қалай күн көреміз? Қазірдің өзінде біраз елдерде гастарбайтер болып жүрген қазақ аз емес. Ал 30-40 жылдан кейін ел тіпті тентіреп кетпей ме? 

Біз барлығын өз атымыздан шығаруға даярмыз! 

Ертең Астана әкімі Алтай Көлгінов туралы материал шығарамыз. Одан кейін тағы бір белгілі адам тізімде тұр. Оның ұрлағанын, бизнесін көрсеңіз, біраз адам шалқасынан түседі деп ойлаймын», - деп жазған жазба авторы.  
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары